Bek Air ұшағының апатынан зардап шеккендердің беті бері қарады
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері арнайы брифингте айтты.
Айта кетейік, апат болған күні түрлі жарақаттарымен жалпы 52 адам ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың 9-ы – балалар. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде 31 азамат емделіп, отбасыларына оралған. Ал 25 науқас әлі де қаладағы ауруханаларда ем қабылдауда. Олардың ішінде 2 бала балалар ауруханасында емделуде. Бас дәрігер Абай Құсайыновтың айтуынша, екі бала да ертең үйлеріне шығарылмақ.
Ұшақ апатынан зардап шеккендердің төртеуі елордадағы Травматология-ортопедиялық ғылыми-зерттеу орталығына ауыстырылды. Бір науқас әлі жансақтау бөлімінде.
Тілеухан Әбілдаев, Қоғамдық денсаулық басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Жансақтау бөлімінде жатқан азамат – медицина саласының қызметкері, өзіміздің әріптесіміз. Ол кісіге сол жерде екі кезеңді қол сүйегінің сынуына байланысты ота жасалған болатын. Соған байланысты жансақтау бөлімінде бақылау ыңғайлы болғандықтан ұстап отыр. Ал жағдайы күн өткен сайын жақсарып келеді.