Қасым-Жомарт Тоқаев: Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер
Сол секілді бұдан былай әр шаңырақта Абайдың кітабы тұруы тиіс. Өйткені Абай – бұл қазақтың бет-бейнесі, бренді. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне мақала жариялап, осындай ой айтты. «Биылғы жазда тойланатын салтанатты шара қоғамдық сананы жаңғыртып, тұтас ұлттың дамуына серпін беруі тиіс», – деді. Өйткені біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз.
Біле білген адамға Абай ілімінде қазаққа қажет нәрсенің бәрі бар. Нарық та, демократия да, ел басқару да, бәсекелестік те, ғылым-білім де. Заманынан озық туған деп осындайда айтса керек, Хакім Абайдың екі ғасыр бұрынғы ұстанымдары қазіргі өркениетті мемлекеттердің қағидаларымен үндеседі. Заңның үстемдігі, биліктің ашықтығы, басшының бұқара алдындағы есеп беруін ұлы ақын сол кезде-ақ көтерді. Тіпті Президенттің өзі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мақсаты осы идеяны дамыту екенін жазады.
«Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады. «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міржақып Дулатовтың 1914 жылы «Қазақ газетіне» былай жазғаны бар: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар», – дейді. Әрине, кеңестік заманда да Абай мұралары аз насихатталған жоқ. Бірақ бүгін бұрынғыдан да тереңірек зерделер кез жетті.
Ербол Тілешов, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:
- Осы тұрғыдан алғанда «Абай және адам», «Абай және ұлт», «Абай және мемлекет» деген мәселелер алға озып шығады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында сол әлемдік биіктегі Абай туралы айтылады. Яғни әлемге біз кімді айтамыз кімді танытамыз, «қазақ» деп кімді көрсетеміз десек, біздің назарымызды Абайға тағы бір аудару мақсатымен айтылған.
Расында да тарихта ұлттың атымен қатар аталатын тұлғалар көп. Сол қатардан қазақтың Абайы да ойып тұрып орын алуға әбден лайық. Өйткені Абай бұл – бренд.
«Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық. Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Абайдың айрықша дәріптеген игілікті ісінің бірі тіл үйрену екенін жазады. Ақын 25-ші қара сөзінде: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді. Аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Астарын аңдағанға ақыл да, кеңес те, тапсырма да бар.
«Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тұлғаның «Толық адам» тұжырымдамасын қайта зерделеу керектігін айтып отыр. Өйткені табысқа, бақытқа жету үшін әрбір адам Абайдың осы ілімін игеруі қажет. «Толық адамның» формуласын ақын «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп суреттейді. Мұндағы «ыстық қайрат» физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» рухани жаңғыруды білдірсе керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында: «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет, – дейді.
Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Атан түйеге жүк болар ойлар Абайдың екі-ақ шумақ өлеңіне сыйып тұр.
Гүлнәр Сәрсекеева, Абай мұрасын француз тіліне аударған ғалым:
- Абайдың әр сөзі өмірден алған әсер. Өзінің бастан кешкен ғұмыры. Еңбектерін бір рет оқу жетпейді. Бірнеше рет оқысаң, әр қилы ойлар тудырады.
Өткен жылы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Елдік шараға кішкентай Ләйлімнен бастап, Президент, ел азаматтары, тіпті әлемдік танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытты, қатысты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Өйткені бұл ақын өлеңдерін жарыса жатқа оқу ғана емес. Бұл – нағыз идеология. Өйткені жаңғыру дегеніміз бұл – өткеннен қол үзіп, жаңа құндылықтарға жол ашу емес, керісінше ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіріп дамыту.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз Абаймен бой түзеуіміз керек, Абаймен балаларымызды тәрбиелеуіміз керек. Бүкіл әлем Абайды танитын заман келді», – дейді. Мен де оған қосыламын.
Абайдың өлеңдерінде «Әнді сүйсең менше сүй» дейтін жолдар бар. Тек әнді емес, біз ұлтты сүюді де ұлы ақыннан үйренсек, ұтылмайтынымыз анық.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Жандос Сұлтанғазы