Мемлекет басшысы: Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды
Мемлекет басшысы мақаласында былай деген: «Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс» деп жазды Тоқаев. Президенттің айтуынша, бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптау қажет».
«Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық. Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз», – деп жазды өз мақаласында Президент.