Сарапшылар Абайтану институтын құруды ұсынды
Белгілі абайтанушы Алмахан Ғабдуллинаның пікірі осындай. Ғалымның айтуынша, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты жаңғырту идеясы қазақ руханияты мен әдебиеті үшін және күллі әлем жұртшылығы ұлттық болмысымызды тануы үшін керек дүние.
Алмахан Ғабдуллина, абайтанушы:
- Ұлт болашағына арналған керемет мақалалар жазылды. Солардың барлығына нақты жауап болмағаннан кейін өзім іштей қамығып жүргенім рас еді. Бірақ бүгінгі мақала мені шын қуантты. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың болмауы мақалада жазылған екен. Негізінде Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 1962 жылы ең бірінші Тахауи Ахтановқа берілді. Соңғы рет 1992 жылы Қабдеш Жұмаділовке берілді. Содан кейін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты табыстау тоқтап қалған болатын.
Сайлау Қожағұлов, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты:
- Әрбір оқу орнында абайтану әртүрлі оқытылады. Егер Абайтану институтын құратын болсақ, барлық бағдарламалық оқу әдістемесі шығар еді.
Қарлығаш Нұрмұхамбетова, филология ғылымдарының кандидаты:
- Абайды тану арқылы «толық адам» концепциясын меңгереді. Сондықтан ЖОО-да, тіпті арнайы оқу орындарында абайтануды оқыту керек. Сонымен қатар көшелерде және жаңағы мемлекеттік орындарда, мекемелерде ұлы қағидаларын жазып қойса екен.
Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты:
- Абайдың қара сөздерінен ұлағат алуымыз керек. Абай: «Әр нәрсеге талап керек», – дейді. Ол талаппен алға ұмтылу керек. «Болмасаң да ұқсап бақ бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз», – дейді. Міне, мұнда терең ой жатыр.
Ақжол Қалшабек, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Абайдың қара сөздеріне зор мән беруіміз керек. Мақаладағы ғажап жері тек қара сөз деп айтып қоймайды. Бір қара сөз бар, 38-ші қара сөзі деп ерекшелеп айтқан. Тіпті керемет. Енді ол бізге тікелей қатысты. Неге дейсіз ғой? Өйткені біз соңғы кезде 38-ші қара сөзді арнайы зерттеу нысанына алып, магистрлық дисертация дайындап отырмыз. Бұл жерде үлкен жаңалығымыз бар. Біздің орталықтың қызметкерлері Абайдың осы 38-ші қара сөзінің транскрипциясын жасап отыр. 38-ші қара сөздің аты негізі «Китаб тасдиқ» деп аталады.
Нартай Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Абайдың қай өлеңін, қара сөзін алсақ та, қоғам үшін қажеттінің бәрі жазылған. Жастарға талаптың керек екендігі қозғалған. XXI ғасырда Қазақстан өркениетті елдердің арасында өзінің орнын алуы үшін де сол ғылым, білім керек. Кез келген мемлекет өзінің рухани құндылықтарымен алға шығады.
Айтмұхамет Тұрышев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Абайды Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалды ұлтты қалыптастыру идеясының бастамасы ретінде айтқан екен. Мен оған толықтай қосыламын. Педагог мәртебесі туралы да айтылыпты. Бұл Абайда бар идеялар. Әрі қарай оны талдап, мақаласында ашып жазған.