Болатбек Бөкен: «Абай» операсы – біздің маңдайымызға жазылған төлқұжатымыз
Ғұлама ойшылдың бай шығармашылығын танып, зерттеуде еңсерілген еңбек көп. Ақынның бірталай туындысы шетел тілдеріне аударылды, бірнеше ғылыми еңбек жазылып, театрда Абай бейнесі сахналанды.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Біз қазір бекзат өнердің шаңырағы Абай атындағы опера және белет театрында тұрмыз. Қазақ жеріндегі ең алғашқы кәсіби музыкалық театр ретінде 1933 жылы қазығы қағылған өнер ордасының сахнасына талай саңлақтың маңдайының тері сіңген. Әлемдік классикаларды айтпағанда, «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Біржан – Сара» сынды ұлттық опералар осы жерде сахналанды. Әрине, олардың қатарында «Абай» операсы да бар. Хакім Абайдың классикалық образын ашқан туынды 1944 жылы қойылған. Ал 1945 жылы театрға Абай есімі берілді.
Мұхтар Әуезовтың либреттосына арнап Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған опера 70 жылдан асса да әлі де сахнадан түскен жоқ. Әлемнің бірнеше сахнасында қойылған туынды орыс және ағылшын тілдеріне аударылған.
Болатбек Бөкен, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының солисі:
- «Абай» операсы – біздің маңдайымызға жазылған төлқұжатымыз. Біз онымен мақтанамыз. Сондай-ақ сыншылардың айтуы бойынша, классикалық операсы «Абай» әлемдік сахнада жоғары бағаланатын опера деп есептеледі.
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Хакім Абай» атты ғылыми зерттеу орталығы бар. Ақын шығармашылығын 30 жылдан астам уақыттан бері зерттеп келе жатқан ғалым Жабал Шойынбет: «Абайдың біз меңгермеген терең құндылығы бар», – дейді.
Жабал Шойынбет, абайтанушы:
- Біз балаларға, оқушыларға, студенттерге ақын Абайды жақсы үйретіп келе жатырмыз. Енді Абайдың қара сөздерін, даналықтарын оқытып, үйрету керек. Абайдың еңбектеріне, қара сөздеріне тек қана қазақтың баласы, ғалымдары емес, әлем ғалымдары қызығушылық танытуда. Себебі Абайда адамзат баласын сүюдің, адамгершілік ілімінің үлкен жолын көрсеткен құндылық жатыр.
Ерасыл Раматолла, Түркістан қаласының тұрғыны:
- 17-ші қара сөзі жеңіл тілмен жазылса да, көп нәрсені меңзейді. Негізінен Абай адамгершілікті насихаттаған.
Диас Оралбай, Кентау қаласының тұрғыны:
- Қазаққа үнемі жаны ашыған. Қазақтың рухани бет-бейнесін аша білген. Қазақтың әлсіз тұсын бетіне баса білген. Яғни қазаққа жаны ашыған жандардың бірі болып саналады.
«Өз заманынан оза туған Абай қазақ үшін тура жолдан адастырмайтын рухани темірқазық», – дейді зерттеушілер. Оның бай рухани мұрасын сіңіріп, оны таныту – басты міндет.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Алматының орталығындағы Абайдың еңселі ескерткіші 1960 жылы орнатылған. Ескерткіш тұрған жер «Абай алаңы» деп аталады. Жыл сайынғы дәстүрлі Абай оқулары өтетін бұл жер тағылымды поэзияның, өнегелі өнердің орнына айналған. Абай ескерткішінен батысқа қарай бастау алатын ақын атындағы даңғыл – қаладағы ең ұзын, әрі көрікті көшелердің бірі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев, Радик Жақыпов