Қарағанды облысындағы Абай тоқтаған үйдің бір бөлмесі мұражайға айналады
Ғимараттың оң қанатындағы қонақ бөлмеде Құнанбай қажы мен баласы Абай бірнеше мәрте мейман болған деседі. Қазір мұнда өлең-жырға жаны құмар жастар жиі бас қосады.
Тарихи ғимаратты көруге аракідік туристер де келіп тұрады. Сондықтан ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл бөлме мұражайға айналмақ. Осыдан екі ғасыр бұрын бірде-бір шегесіз ағаштан өріліп салынған ғимараттың біраз бөлігі өртеніп, кейін қалпына келтірілді. Жертөлесінде шаруашылық бөлімдері орналасқан, әр бөлмесінде ерекше әсемделген голланд пештері бар. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет қорғауына өткен соң, ғимаратта түрлі мекеме ұжымдары отырды. Ал қазір аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан.
Дана Әлиева, Қарқаралы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:
- Тек қана бір-ақ рет келмеген. Әкесі аға сұлтан болып жүргенде үнемі келген. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында осы үй жақсы суреттеледі. Абай Қарқаралыға нағашы жұртына келгенде татардың көктөбелі үйіне түскен деп жазылған. Жастардың Абайды қалай қарсы алғаны, ойын-сауығы, барлығы жазылады. Сонда Абайдың жастық дәурен кезеңі де осы үймен тығыз байланысты.