СҚО-да жаңадан салынған асфальт ойылып қалды
Тұрғындардың айтуынша, шенеуніктердің немқұрайлығынан мемлекеттің миллиондары желге ұшты. Тіпті оның жиегіндегі жаңа жол белгілері де жоғалып кеткен.
Былтыр жазда Заградовка ауылының тұрғындары қатты қуанды. Елді мекенге көптен күткен жол салынды. Бірақ сапасы көңілден шықпады. Жаңа асфальт 2 ай өтпей ойылып қалды.
6 шақырым жолға 340 млн теңге бөлінген. Бұл орташа жөндеу. Бір қызығы, аудандық әкімдік қызметкерлері алақандай аралыққа 56 жол белгісін орнатуға тапсырыс берген.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қисайып қалған ескі «Жол бер» деген белгі. Бұл жерде бұдан басқа жол белгісін байқаған жоқпыз. Тағы бір ақылға қонбайтын белгі – ауылдың атауы. Бұл жерден Заградовка ауылына дейін 6 шақырым. Яғни ол ақ емес, көк түсті болуы тиіс.
Жұмысты қабылдап, қол қайған – Есіл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Имантаев.
Қайрат Имантаев, Есіл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Бұл жерде елді мекеннің таңбалы белгісі, шектеу, ескерту белгілері болды. Қазір қайда кеткенін білмеймін. Біреулер жұлып немесе ұрлап әкетуі мүмкін. Құқық қорғау органдарына шағым түсіреміз. Ал жол бойынша мердігер ұйымға хат жібердік. Кеткен кемшіліктер кепілдікпен қалпына келтіріледі.
Басшысының бұл сөзін жергілікті жұрт жоққа шығарды. Олардың айтуынша, жол белгілері орнатылмаған. Тұрғындар ең алдымен сапасыз салынған жолға қынжылып отыр.
Юрий Шоль, шаруашылық директоры:
- Мен осында тұрамын. Мына жолмен күнде жүремін. Бірақ 56 жол белгісін көрген жоқпын. Бұл жерде құрылыс технологиясы бұзылған. Қалай болса, солай істеді.
Юрий Шольдің бұлай дейтін жөні бар. Ол – жолдың жобалық құжатын дайындауға қалтасынан ақша шығарған кәсіпкерлердің бірі. Жолдың жайын көруге Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман келіп, жауаптыларды сұрақтың астына алды.
Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл мәселені алдағы уақытта тиісті органдарға жолдаймыз. Осы мәселені дұрыстап тексеру керек. Заң бойынша бәрін тәртіпке шақыру керек. Алдағы уақытта мұндай бұрмалаушылықтар болмау керек. Елордаға келген соң, тиісті мекемелерге осы мәселе бойынша хат жолдаймын.
Жолға қатысты жиынға мердігер ұйым өкілдері ғана қатыспады. Директорды орта жолдан ТҮКШ бөлімінің басшысы қайтарып жіберген. Сондықтан онымен қалада кездестік.
Эдуард Шандер, мердігер ұйымның директоры:
- Нақты қай күні екені есімде жоқ, бірақ атқарылған жұмыс актісін апарып бердік. Басшы жол белгілерінсіз қол қоймайтынын айтқан. Сондықтан оларды бірден сатып алып орнаттық.
Сұрақ көп, жауап жоқ. Құрылысшылар: «Жолды кепілдік бойынша жөндейміз», – деп отыр. Оның мерзімі екі-ақ жыл. Әзірге бұл ауыл тұрғындарын ғана мазалайтын сияқты.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов