Алматылық көлік жүргізушілеріне 42 млн теңге айыппұл салынды
Ал көлік жүргізушілеріне 42 млн теңге айыппұл салыныпты. Бұл камералар қандай ережелердің бұзылғанын тіркейді? Айыппұлдың ақшасы кімге түседі?
Алматы көшелерінде өткен жылдың соңында 400 «Сергек» бекеті орнатылып, 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Бұл шамамен 2 мың камераға жуық. «Сергек» камералары үлкен көше қиылыстарымен қатар кішкентай көшелердің бойына да қойылуда.
Жандос Мұратәлиев, ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Жылдамдықты асырып жүргізген, жол белгілерін немесе жол сызбаларын дұрыс өтпеген, сондай-ақ бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жүргізушілерге айыппұл салынады. Қоғамдық көлік жүретін жолдармен жүретін болсаңыз да айыппұл салынады.
Тыйым салынған жерлерге тоқтасаңыз да, тұрсаңыз да айыппұл төлейсіз. Айтпақшы айыппұлдан түсетін ақша қайда кетеді? Бұл жайында алматылықтар сантүрлі пікір айтып жүр.
Жандос Мұратәлиев, ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Айыппұлдың бәрі мемлекет бюджетіне түседі.
Кейде апаттың кесірінен немесе жедел жәрдем, өрт сөндірушілерді жіберемін деп «Сергекке» түсіп қалуыңыз мүмкін. «Оны дәлелдей алсаңыз, хаттаманың күшін жоюға болады», – дейді полицейлер.
Жандос Мұратәлиев, ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
- Кейде қар жауып, жол белгілері көрінбей қалады. Сондай фактілер бойынша менің атыма шағымданып келеді. Біздің қызметкерлер жүргізушінің қатысуымен фото-бейне камераларды қосып, өзіне көрсетеді. Шынымен солай екені анықталып жатса, онда әкімшілік хаттама қысқартылады.
Әсет Ахметов, «Көркем Телеком» ЖШС директоры:
- Барлық ақпарат бірден тиісті орталыққа келіп түседі. Бірақ айыппұл автоматты түрде салынбайды. Әкімшілік хаттамаларды толтырудың ережесіне сәйкес оған міндетті түрде офицер қатысуы керек. Ереже бұзу фактісін аккредитацияланған полиция қызметкері электронды цифрлық қолтаңбамен бекітеді.
Болашақта Алматы көшелеріне тағы 307 «Сергек» бекеті қойылады. «Негізгі мақсат – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – дейді мамандар. Жалпы 2019 жылы Алматыда 500 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, жүргізушілерге 3 млрд 600 млн теңге айыппұл салынған.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов