Президент мақаласы семейлік зиялы қауымның көңілінен шығып отыр
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы семейлік зиялы қауымның да көкейіндегісін дөп басып, көңілінен шығып отыр. Филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов: «Бұл еңбек – Қазақстан халқын тұтас ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық мақала», – деп есептейді. Оның айтуынша, Семей қаласына тарихи мәртебе беріліп, Жидебай өңірін қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмалары жұртшылыққа ерекше жігер беріп отыр.
Арап Еспенбетов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры:
- Абайдың әлемдік руханияттағы алатын орны, оның шығармашылығының қадірі, қасиеті жете көрсетілген. Мен ойлаймын, бұл мақаланы әлі талай рет астын сызып оқып, қайта-қайта қайырылып, «Рухани жаңғыруымыздың» басты бір сипаты ретінде көрсететініміз және насихаттайтынымыз айқын нәрсе. Аса қажетті мақала деп білемін.
Жандос Әубәкір, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры:
- Абайды жан-жақты насихаттау, оны әлемге таныту, оның шығармаларын әлемнің озық тілдеріне аудару және ең негізгісі жас ұрпақтың бойына ұлы ақынның айтып кеткендерін бойларына сіңіруді айтуы – мақаланың басты бір түйіні. Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен келетін қонаққа осы Жидебай өңірін дамыту, әсіресе Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейін дамыту керек деген сөздері ол бізге өте жағымды жаңалық.