Хабар телеарнасы

Атырау облысындағы Доссор кентінде қоқыс алаңын жағалаған мал қырылды

Айналаға тараған жағымсыз иіс пен үнемі өртенетін қоқыс шеткі ауылдардың берекесін қашырған. Ашық жатқан тұрмыстық қалдықтарды жеген 15 ірі қара уланып өліпті. Тұрғындар оның өтемақысын кімнен даулаймыз деп дабыл қағуда. Ал полигонға жауапты мекеме қауқарсыз отыр.

Доссор кентіне қарасты Бірлік ықшамауданының тұрғыны Болатжан Оспанов жоғалған сиырларының өлігін қоқыс полигонынан тауыпты. Айдалада қараусыз жатқан қоқыс үйіндісі ауыл малының негізгі өрісіне айналған. Тағам қалдықтарымен араласқан түрлі улы қоқысты жеген мал жаппай өліп жатыр.

Болатжан Оспанов, Бірлік ықшамауданының тұрғыны:

- Ауылда жалпы 20 шақты сиыр болды. Соның ішінде қазір екі үйде ғана мал қалды. Оны да үйде ұстап отырмыз. Басқасының бәрі жоқ. Жаз бойы шығарсақ, мал бірден осы жерден бір-ақ шығады. Далаға айдасаң да бәрібір осында келеді.

Малдың да, жанның да мазасын кетірген қоқыс алаңының жыры жергілікті атқарушы билікке жақсы таныс. Кент әкімдігі былтыр наурыз айында қоқыс алаңын қоршап, ретке келтіруге қаржы бөліп, жауапты мекемені де анықтаған. Қаржысы да қомақты, 124 млн теңге. Бірақ тендерді ұтып алған мердігер мекеме өз міндетін орындамаған. Амалы таусылған ауыл әкімі енді пәрменді ауданнан күтіп отырған сыңайлы.

Асылбек Әбілғазиев, Доссор кентінің әкімі:

- Бұл полигонның жай-күйін білеміз. Доссор кентінің жанында орналасқандықтан көптеген шағым келеді. Ол туралы біз аудан көлемінде көтергенбіз.

Аумағы атшаптырым полигонда жүздеген тонна түрлі қоқыс үйіліп қалған. Әлі тасылып жатыр. Мамандардан білгеніміз бұл алаңның пайдалану мерзімі өткен жылдың аяғында біткен көрінеді. Демек, қазір бұл үйінділер қожайынсыз әрі қараусыз қалған. Мердігер мекеме: «Әкімдік жәрдем берсе, жұмысты жандандырамын», – дейді.

Бақтыбай Қабылов, мердігер мекеменің басшысы:

- Менің сұрыптау станоктарымның бәрі бар. Қалада жұмыс істеп жатыр. Енді маған Үкімет жағынан жарық, газ, су керек.

Аудан әкімінің Доссор кенті тұрғындарымен кездесудегі негізгі мәселе осы қоқыс алаңы болды. Олар қолдағы малына ажал болған апатты аймақты жабуды талап етіп отыр. Жергілікті билік қордаланған проблеманың түйінін тарқату үшін уақыт керек дегенді алға тартады. Дегенмен көктем шыққанша жүйелі жоба жасақталып, доссорлықтардың проблемасы шешімін табады деп сендірді аудан басшылығы.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов