Қарағандыда ауыл маңындағы мұнай қалдықтары халықтың мазасын қашырды
«Өндіріс қалдығын өңдейтін зауыт саламыз» деп ауыл іргесінен жер алған кәсіпкер улы затты ашық шұңқырға төгіп жатқан көрінеді. Халық наразылығынан соң жұмыс уақытша тоқтатылып, тергеу амалдары басталған.
Ауылдан 400 метр жердегі мына алаңда мұнай қалдықтарын өңдейтін зауыт салыну керек болатын. Алайда тек қоршауға алынып, шұңқыр қазылып, оған улы заттар төгіліп жатыр. Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған да осы. «Ашық жатқан қалдықтан қолқаны қабатын жағымсыз иіс бөлінеді», – дейді жұрт.
Сандуғаш Шәкенова, ауыл тұрғыны:
- Қазір аллергия көп. Мазуттың иісі бүкіл жерді алған. Далаға шықса, жүрегің айниды. Осыдан әрі қарай салмай ма?
Кенбай Бейсенбаев, ауыл тұрғыны:
- 200 метр жерден ауылдың малы су ішеді. Ал мал су ішкен соң, оны біз сойып жейміз. Сосын дәл мына 300 метр жерде ауылға су беретін үлкен қондырғы орнатқан. Сол суға мына нәрсе сіңеді. Ол елге тарайды, уланамыз, у ішеміз. Содан қорқамын, бала-шаға, немерелеріміз бар.
Жоспарға сәйкес, жаңа зауыт мұнай резервуарларының түбіндегі тұнбаны өңдеп, одан ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш жасауы қажет еді. Бірақ жоба қағаз жүзінде қалып қойғанға ұқсайды.
Аманбай Тиішмағанбетов, ауыл тұрғыны:
- Мынаның асты-үсті бетон болады, неміс технологиясы болады деген. Бәрі өтірік. Мынау масқара. Ол технологияны неге істемеді? Неге уәдесін орындамады? Соны аудан әкімі де біліп отыр.
Жағдайдан аудан басшылығы да хабардар. Халықтың жаппай наразылығынан соң қалдық төгуге тыйым салып, тергеу жұмыстарын бастаған.
Бақытжан Мұқанов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:
- Екі күннен бері бұл жерге ештеңе тасылып жатқан жоқ. Жан-жаққа, құзіретті органдарға тиісті хаттар жолданды. Экологтарды күтіп отырмыз. Олар келіп өз қорытындыларын берген соң, толық ақпарат береміз.
Айта кету керек, халық жиналғанда кәсіпорын қожайындары төбе көрсетпеді. Бірақ жоба жетекшілері: «Барлық экологиялық талапты сақтап отырмыз», – деп ақталған. «Халықтың алаңдауына негіз жоқ», – дейді олар. Дегенмен нақты қорытындысы арнайы мамандардың тексерісінен соң белгілі болмақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев