11 қаңтардан бастап мас күйінде адам қағып өлтірген жүргізушілерге жаза күшейтіледі
Сондай-ақ істі қараған Бостандық аудандық сотының судьясы оған 3 жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салды. Сот қыздың кінәсін толық мойындап, мұндай қылмысты алғаш рет жасап отырғанын, шығынды толық өтегенін және шешесінің жалғыз екенін ескерген. Оқиға 2019 жылдың 17 қарашасында қаладағы ірі ойын-сауық орталығының маңында болған еді. Соттың шешімі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Себебі өткен жылы күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде рөлге отырғандардың жазасын күшейтіп, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру туралы тапсырма берген еді. «Дегенмен, жазаны күшейту туралы өзгерістер 11 қаңтардан, яғни түнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді», – дейді белгілі адвокат Жохар Өтебеков.
Жохар Өтебеков, адвокат:
- Енді мас жүргізуші бір адамды соғып өлтіретін болса, бұл орташа дәрежедегі қылмыс ретінде саналып, айыпты 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Екі немесе одан да көп адамның өміріне балта шапса, онда 7 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бірақ бұл өзгерістер 11 қаңтардан бастап болған жол апаттарына қатысты қолданылады.