Қарағандыдағы жылу құбырындағы апатта үш жұмысшы зардап шекті
Дереу ауруханаға жеткізілген олардың біреуі денесінің 50% күйігімен жансақтау бөліміне түскен. Олар апат орнында қалып қойып, ыстық су құдығынан шығарылған. Ал құбырдан атқылаған ыстық су екі ықшамауданды басып, 800-дей көпқабатты үй жылудан ажыратылды. Қазір коммуналдық мекеме ол үйлерді қосымша жылу магистраліне қосып, негізгі құбырдың жарылған жерін жөндеуде. Мамандардың айтуынша, екі ауданды байланыстыратын жылу магистралінен ақау шыққан. 25 жыл болған ескі құбырдың әлсіз жері жарылған. Коммуналдық мекеме тозған құбырды жаңартуға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы қаралғанын айтты. Ал зардап шеккен коммуналдық мекеме қызметкерлері сақтандыру компаниясынан өтемақыларын алады.
Берік Төлеубаев, Х.Ж.Мақажанов атындағы Травматология және ортопедия орталығының басшысы:
- Бір науқас жансақтау бөлімшесіне түсті. Екі адам бөлімшеге жатқызылды. Көбісінің аяқ-қолдары, тағы біреуінің онымен қоса іші күйген. Қазір шокка қарсы ем, ал бір аптадан кейін операция жасаймыз.