Хабар телеарнасы

Алматы облысында табиғи газдың үйге тарауынан 7 рет жарылыс болған

Zharylys

Бірі Қаскелеңде орын алды. Қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері газ тартылып жатқан үйлердегі қауіпсіздікті тексерді. Сонымен қатар әлеуметтік санаттағы тұрғындардың баспанасына дабыл қондырғыларын орнатты.

Қауіпсіздік құрылғысы Көктал ықшамауданында тұратын Айжан Бұршақбаеваның үйіне орнатылды. Әжейге оны қолдану ережесі де түсіндірілді. Зейнеткер: «Енді пешті түнгі уақытта тексермейтін болдық», – дейді.

Айжан Бұршақбаева, қала тұрғыны:

- Түнде біз от жақпаймыз. Түнге қарай жаққанға қорқатынбыз. Қауіпсіздік белгісін орнатып жатырсыңдар. Енді осыған сенеміз. Алаңдамай ұйықтайтын шығармыз деп ойлаймын.

Әулеттің ұйытқысына айналған кейуана күніне 2 рет от жағып, үйін жылытады екен. Сала мамандары пештің алдына қаңылтыр қағылмағанын ескертіп, сақтық шараларына баса мән беру керектігін айтты.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- 20 мыңнан астам отбасыға улы газды анықтау құрылғылары орнатылған. Ол үйлерде біздің қызметкерлер қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Қазірде түсіндіру жұмыстары атқарылуда.

ТЖД қызметкерлері жауапты мердігер мекеме өкілдерімен табиғи газ тартылып жатқан үйлерді де аралады. Былтыр қалада 6 мыңнан аса абонент көгілдір отынға қосылса, биыл олардың саны 10 мыңға жеткізілмек. Барлығына да арнайы стандарт негізінде бекітілген қауіпсіздік талабы қойылады.

Көгілдір отынға қосылған үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі дабыл қондырғысы орнатылып жатыр. Оның бірі газға, екіншісі ысқа арналады. Осы екі құрылғы іске қосылған жағдайда сырттан келетін газ бірден автоматты түрде тоқтатылады. Ал оны қайта іске қосу тексеру мердігер мекеме есебінен тегін жүргізіледі.

Айдын Татарханов, газ тарту мекемесінің бөлім басшысы:

- Күніне шамамен 170 шақырту түседі. Ол газдың шығуына байланысты. Біздің мамандар барып тексергенде, газ үйден емес, сырттағы қораптың қатып қалғанынан анықталып жатады. Егер газ құбырдан немесе бекітпесінен шықса, біз жасап береміз.

Соңғы 2 жылда Алматы облысында 40-тан аса адам ыстан уланған. Қауіптің алдын алу үшін ТЖД өкілдері үйлерді аралап, қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшаларды таратуда.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов