Маңғыстау облысында 22 мыңнан астам адамға жаңа форматтағы АӘК төленеді
Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті қазынадан 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Маңғыстау облысы бойынша АӘК:
АӘК қамту – 22 мыңнан астам адам
Кепілдендірілген әлеуметтік топтама – 13 мың бала
Республикалық және жергілікті бюджет – 4 млрд тг
Ақтау қаласының тұрғыны Жазира Сәкеева бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы жұмыссыз. 3 баланың анасы жаңа форматтағы АӘК-ке үміттеніп отыр.
Жазира Сәкеева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- АӘК 2019 жылдың желтоқсан айына дейін берілді. Бала күтімімен үйде отырғандықтан, өте жақсы көмек болды. 2019 жылдың желтоқсанында тоқтады. Бізге ескерткен болатын. Мен қайтадан құжаттар тапсыруға келдім.
Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 10 мың теңгені құрайтын отбасының әр мүшесіне айына 15 мың 592 теңге әлеуметтік көмек тиісті. Егер отбасында 5 адам болған жағдайда айына 78 мың теңгеге жуық АӘК тағайындалады. Биылғы көмектің тағы бір ерекшелігі: аз қамтылған отбасы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама қарастырылған. Ендігі кезекте отбасының 1-6 жастағы балалары ай сайын азық-түлік және тоқсан сайын тұрмыстық химия топтамаларымен қамтылады. Сондай-ақ жанұяның 7-18 жастағы балалары оқу жылы мезгілінде күніне бір рет ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте тегін жүрумен, жылына бір рет мектеп формасымен және оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Әлихан Қыраубаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Биылғы жылы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтуға 329 млн тг көзделіп отыр. Осы аталған топтаманы сауда нысандарынан тікелей сатып алу «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Бұл көмекті дер кезінде балаларға жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің облысымызда Үкімет қаулысына енгізу үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы сатып алуға жататын 36 сауда нысанының (супермаркеттер) тізімі ұсынылды.
Ендігі кезекте АӘК алушылар «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша 4% 7 жылға микрокредит және 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алуға құқылы. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында облыстағы аз қамтылған отбасылардың 3 мыңнан астам мүшесін жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отыр.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев