Нұрлан Нығматулин ШҚО-ға іссапармен барды
Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин ШҚО-ға жұмыс сапарымен барды. Мәжіліс спикері өндірістік және әлеуметтік нысандарда болып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұқараға маңызды заңдар жайлы баяндап, өзекті мәселелерді сұрап білді.
Халқымыз үшін сөздің құнын көздің нұрындай қастерлеген қазақтың кемеңгер данышпаны Абайдың тұғыры қашанда биік. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елдің шығысына сапарын Семей қаласынан бастауы кездейсоқ емес. Биыл елдің ұлы перзенті Абайдың 175 жылдығы.
Мәжіліс спикері осыған орай ойшыл ақынның құрметіне құрылған «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жай-күйімен танысты. «Киелі өлке Семей тарихи орталыққа айналса, рухани мұра жандана түсері сөзсіз», – деді Мәжіліс спикері.
Семей серпінді дамиды. Президент тапсырмасымен қаланы дамытудың 5 жылдық бағдарламасы қабылданды. Оған 260 млрд теңге бөлінбек. Барлық сала қамтылып, 4 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. Мәжіліс спикері Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды. Жақында мұнда ТМД-да теңдессіз гибридті операциялық блог ашылған. Нұрлан Нығматулин аурухана қабырғасында медицина қызметкерлерімен, мектеп, балабақша басшылары, психологтар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, «Денсаулық туралы кодекс» жобасындағы көптің көкейіндегі мәселелерді талқылады. Мәжіліс спикері сан сауалдың түйінін тарқатып, заңнамалық жұмыс барысын түсіндірді.
Мәжіліс төрағасының өңірге сапары облыс орталығы Өскеменде жалғасты. Биліктің жұмысына халықтың жай-күйі таразы. Нұрлан Нығматулин қаладағы әлеуметті әлдендіру шараларымен танысу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына арнайы келді. Тұрғындармен кездесуде Мәжіліс сүзгісінен өткен әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматына тоқталды. Көпбалалы аналардың көңіліндегі көп сауалға тұшымды жауап берді.
Шынар Жәберова, көпбалалы ана:
- Елдің өсіп-өркендеуіндегі ғылым-білімнің маңызы туралы хакім Абайдың өзі айтып кеткен. Мәжіліс төрағасы посткеңестік кеңістіктегі үздік оқу орындарының бірі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне де барды.
Нұрлан Нығматулин ғалымдармен және білім қуған жастармен кездесті. Ол Елбасы мен Президенттің жас буынды қолдау бастамаларына тоқталды. Жас ғалымдарға грант бөлу 3 млрд теңгеге көбейтілді. «Жас маман» бойынша 200 мың жас оқытылса, «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде 20 мың жас бизнеске машықтанды, тең жартысы грант иеленіп отыр. Дипломмен ауылға жол тартқандарға көмек көлемі ұлғайтылып, 6 мың маман 1 млрд 200 млн теңге алып үлгерді.
Елдар Мақсұтов, ерікті:
- Ал биыл Еріктілер жылы. Оның аясында «Сабақтастық», «Саулық», «Асыл, «Қамқор» атты жобалар орындалмақ. Еріктілік қызмет арнайы заң жобасымен реттеледі.
Осылайша қоғамның барлық өкілімен жүздесіп үлгерген Мәжіліс спикері олардың хал-ахуалын біліп, заң үстемдігі, мемлекеттік бағдарламалардың заңнамалық қамтылу барысын баяндады.
Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі мекен ШҚО-да өнеркәсіп те, өнер де өрлеп тұр. Сан тараптан инвестициялар құйылып, инфрақұрылым өрістеп, сан мың әлеуметтік нысан бой көтеруде.
Депутаттар өңірлерге сапарында заң жобаларын түсіндіріп қана қоймай, елмен етене жақын танысып, емен-жарқын әңгімеде мұң-мұқтажын сұрап біледі. Енді олар еленіп, ескеріліп Елордада шешімін табады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Асқар Әбілдаев, Жомарт Елеуов