Ақтөбелік отбасы «Бастау» жобасы арқылы қой өсіруді қолға алды
Мәселен, Қобда ауданында тұратын Темірхан Танкеев мемлекеттің қолдау шараларын ұтымды пайдаланып, қой өсіруді қолға алды. Жергілікті билік мұндай азаматтарға көмектесуге дайын.
Темірхан Танкеев мемлекеттік қолдауды тиімді ұқсатудың арқасында қой шаруашылығын жандандыруда. Отбасындағы 3 балаға АӘК тағайындалса, өзі кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгеріп алды. Кейін бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа 25 бас қой алған. Сөйтіп біраз жыл жұмыссыз жүрген Темірхан өз-өзін еңбекпен қамтып отыр.
Темірхан Танкеев, Қобда ауданының тұрғыны:
- Грант алып, қой, сиыр алдым. Шаруашылығымды бастап жатырмын. Тағы да мал шаруашылығын көбейткім келеді. Болашақта ауыл жаққа көшіп, үлкейтілген жер алып, ісімді дамытқым келеді.
Былтыр аудан бойынша 289 отбасына АӘК тағайындалып, 154 млн теңге төленген. Бұл қолдау түрінен өзге жанұяның жұмыссыз жүрген мүшелерін еңбекпен қамту және кәсіпке баулу шаралары атқарылды. Бүгінде «Бастау» жобасы арқылы білім алып, іс бастаған ондаған отбасы бар. Ал қазір АӘК-тің жаңа ережесі кеңінен насихатталуда.
Рәзия Жолдыбаева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
- Барлық елді мекенде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кедейшілік шегінің орташа табысы өзгергенімен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік көмек тағайындаймыз. Оларды азық-түлікпен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етеміз.
«Тұрмысы төмен отбасыларды кедейшілік шегінен шығару – басты міндет», – дейді аудандық әкімдік қызметкерлері. Сондықтан бұл тұрғыда нақты істер жалғаса бермек.
Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев