Хабар телеарнасы

БҚО-да жеке балабақшалардың саны көбейіп келеді

Бір ғана Орал қаласында бүгінде 58 жеке балабақшада 4 мыңға жуық балдырған мемлекеттік тапсырыс бойынша тәрбиеленуде. Әр бүлдіршін үшін ай сайын бөбекжай иесіне 29 мың теңге төленеді. Осы істің тиімділігіне көз жеткізген кәсіпкерлердің құлшынғаны сонша, тіпті бүгінде мейрамханаларды жауып, орнына балабақшалар ашып жатыр.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алғалы қаланың солтүстік-шығыс бөлігі адам танымастай өзгерді. Жаңа шағын аудандарда халық тығыз қоныстанған. Сол себепті де мұнда балабақша тапшылығы айқын сезіледі. Есесіне аяқ басқан сайын кафе-тойханалар көп. Алайда қаптаған көңіл көтеру орындарынан түсер пайда соңғы кезде азая бастаған сыңайлы.

Александр Манасян, ғимарат иесі:

- Бұрын мына жақ бос тұрды ғой. Мен мейрамхана салған кезде бұл ауданда көңіл көтеру орындары болмады. Қазір қаптап кетті. Осы жерде қанша үй бар. Ал балабақша жоқ. Сондықтан «бөбекжай ашамын» деушілерге ғимаратты жалға беріп жатырмын. Енді мейрамхана емес, бұл жерде балабақша болады.

Мектепке дейінгі мекеме бір ай бұрын ашылыпты. Қазір мұнда 70 балдырған бар. Оларға барлық жағдай жасалған. Бұрынғы сауна тұзды шахтаға айналса, бильярд залының орнында сауықтыру бөлмесі орналасқан. Әр баланың ата-анасы 40 мың теңге төлейді. Мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген соң баға 12 мың теңгеге түспек. Мейрамхана ғимаратын жалға алған кәсіпкер Мұрат Қуанышқалиев бұл 5-інші балабақшасы екенін айтады. Тойхананы қайта жабдықтап, жиһаз сатып алу үшін ол 20 млн теңге жұмсапты. Мемлекет қолдауы арқасында қаржының қайтарымы боларына сенеді.

Мұрат Қуанышқалиев, кәсіпкер:

- Үлкен балабақша ашу арманым болатын. Сондықтан тәуекелге бел бууып, несие алдым. Егер мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру болмаса, ата-аналарға ауыртпалық түсер еді. Онда әр балаға ата-ана кем дегенде 50 мың теңге болар еді.

Әрбір балаға мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 29 мың теңге бөлінеді. Бұдан бөлек ата-ананың төлейтіні тағы бар. Нәтижесінде балабақша ашу тиімді бизнес көзіне айналғандай. Егер екі жыл бұрын Оралда 23 балабақша болса, бүгінде мектепке дейінгі жеке мекемелердің саны 60-қа жуықтапты.

Батиқа Пайдина, қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Жеке балабақша саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Осы 2020 жылға тағы 5 кәсіпкер бізге өтініш беріп жатыр. Соңғы жылдары қала әкімінің қаулысымен жеке де, мемлекеттік те балабақшаларда ата-аналардың төлемақысын бірдей 12 мың теңге көлемінде жасадық.

Күні бүгін шаһарда 58 жеке балабақшада 3800-дей бөбек болса, 50 мемлекеттік балабақшада 15 мыңдай балдырған тәрбиеленеді. Ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 100% жетіп отыр.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов