Жамбыл облысында малға қасқыр шабу оқиғалары жиіледі
Жергілікті шаруалар: «Малды қынадай қырған қасқырлармен күресуге дәрменсізбіз», – дейді. Өйткені түз тағысын өз етімен атуға рұқсат жоқ. Қорасын қорып, қорқынышта отырған малшылар енді жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.
Қасқырдан қорлық көріп отырған шаруалардың бірі – Нұрбақыт Сейтқали. Қыс түскелі оның қорасына жыртқыш бірнеше рет шабуыл жасап, 15 шақты қойын жеп кеткен. Қазір кезекпен ұйықтап, түнімен қора күзетеді. Өткен түні ғана мал тұяғының дүбірін естіп, қасқырдың келгенін сезіпті.
Жыртқыш аң қораның биік қоршауына қарамастан, ішке оңай кіріп, бір түнде 100-ден астам қойды қырып кете жаздады. Абырой болғанда, қожайыны үйден шығып, мылтық атып үлгерген. Соның өзінде қасқыр бірнеше қой мен ешкіні тартып кеткен.
Нұрбақыт Сейтқали, шаруа:
- Амал жоқ. Талап кетеді. Одан кейін сойып аламыз. Шықпағанда бәрін қырып кететін еді. Қора жабық. Мал ешқайда қашып кете алмайды. Тамақтап, бауыздап кете береді. Кейбіреулері арқасына салып алып кетеді.
Шалғайдағы шаруалардың көпшілігі қазір үрейде. Жуырда Талас ауданындағы Майтөбе ауылының маңында бірнеше жылқы ит-құсқа жем болған. Қасқырды алу оңай шаруа емес. Ал аңды атуға заңмен тыйым салынған. «Сондықтан бұл жұмыстарға аңшылық шаруашылықтағылар жұмылса игі», – дейді жұрт.
Сәрсекүл Стамбекова, Өрнек ауылының тұрғыны:
- Билікөлде қыркүйек айында 60 бас малды қырып кетті. Кеше біреуін тамақтап кетті. Бағана құйрығын жұлып кетті. Оны «мал болатын шығар» десек, болмайды. Аяғын сындырып кеткен.
Мамандар: «Қораға түскен қасқырды атуға болады», – деп отыр. Тек арнайы жұмыс тобы ол деректі тіркеуі тиіс екен. Жақында қасқыр санын реттеу үшін комиссия құрылып, атуға рұқсат берілген. Қазір өңірді мекен ететін аңның 40% атуға рұқсат бар.
Болат Асанбеков, аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Осы жылы қасқырдың шаруашылық малдарына шабуылы көбейгеніне байланысты республика деңгейінде мәселе көтеріліп жатыр. Осы іс барысында жұмыс тобы құрылған. Жергілікті атқарушы орган, инспекция мамандары қасқыр шабуылының алдын алу үшін жиналыс жасап жүрміз.
Биыл санақ бойынша аймақтағы қасқырлардың саны 2 мыңға жуық деп есептелген. Мамандар енді жыртқыш шектен тыс көбейіп кеткен елді мекендерді анықтайды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә