Көпбалалы аналар мен мүгедектер қоғамдық көлікпен тегін қатынай алмайды
Бұған себеп: осы санаттағы тұрғындарға берілетін жол билеті өткен желтоқсаннан бері қолданыстан алынған. Кәсіпкерлер автопаркке келген шығындарды өтеу үшін осындай шешім қабылдағандықтарын алға тартуда.
Көру қабілетінен айырылған Елена есімді қала тұрғыны жұмысқа «Инватаксимен» емес, автобуспен барғанды жөн санайды. Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған машина көп жағдайда бос болмайды. Есесіне қоғамдық көлікте көппен бірге жүрген көңілді. Енді мұндай жеңілдіктің биыл алынып тасталғанын кондуктордан естіп, көңілі жабырқап қалды.
Елена Пронская, қала тұрғыны:
- Өзім психолог болғандықтан, жұмыс бабымен қоғамдық көлікке күніне бірнеше рет мінемін. Алатын зейнетақым да көп емес. Күніне 100 теңге үнемдесем де, қуанамын. Мен секілді адамдарға қиын болатын болды. Бар жоғы 2-3 мың теңгеге өскен зейнетақыны енді автобусқа жұмсайтын болдым.
Автопарк иелерінің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Олар ұсынған жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін 13 мыңнан астам қала тұрғыны 2010 жылдан бері пайдаланып келді. Олар «заң бойынша жолақыны субсидиялаумен жергілікті әкімдік айналысуы қажет» деп санайды. Алайда бұл мақсатқа қала бюджетінен қаржы бөлінбеген.
Жетібай Құбашев, «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы:
- І, ІІ топтағы және бала жастағы мүгедектер, Чернобыльға қатысқандар, Ақтау қаласының құрметті азаматтары мен көпбалалы аналарға Үкімет тарапынан субсидия бөлінеді. Алдымен электронды билетпен жүру басталады. Одан кейін аталған әлеуметтік топтағы адамдарға жеке жол жүру билеттерін шығарамыз.
Әкімдік қызметкерінің сөзіне сенсек, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар наурыз айынан бастап автобуста тегін жүру мүмкіндігіне ие болады. Ақтау – еліміз бойынша жолақысы ең арзан қала. Қоғамдық көлікте жүру құны мұнда 50 теңгеден аспайды. Сондықтан биыл жолақы қымбаттауы мүмкін.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсалиев