Суретші Ольга Чавкина «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді
2019 жылы бастапқыда 1673 өтінім берілсе, жобаның ІІІ кезеңіне 32 адам өткен. Олардың бәрі – өз саласында еңбегімен жетістікке жетіп жүргендер. Солардың бірі – өскемендік суретші Ольга Чавкина. 3 жасынан бастап қылқаламды қолына алған суретші бүгінде өз шеберханасын ашып, өнердің бұл түрін басқаларға да үйретіп жүр.
10 жыл бұрын қаладағы арбатта сурет салуды бастаған Ольга Чавкина бүгінде жеке шеберханасын ашқан. Жас суретші бұл нәтижеге бір күнде жеткен жоқ. Жеңіс пен жетістікке жету үшін табандылық керек. Бұл тұрғыда Ольга Чавкина біраз нәтижеге жетті. Аймақта өткен бірнеше арт-фестивальге қатысып, грантқа ие болған. Қазір өз шеберханасында басқаларды суретшілікке баулып жүр. Тұрмысы нашар және көпбалалы отбасының балаларына тегін дәріс береді.
Светлана Крылова, қала тұрғыны:
- Қалада осындай шеберхананың көптеп ашылуын қалаймыз. Өйткені тек қана балалар емес, ересектердің де бір уақыт шығармашылыққа көңіл бөлгені де дұрыс қой.
Жас суретші шығармашылық қана емес, жастар мәслихатының депутаты ретінде тұрғындардың әлеуметтік мәселесімен де шұғылданады.
Ольга Чавкина, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысып, одан жеңімпаз атанған әрбір адам сол атаққа лайық болуы тиіс. Өзі таңдаған бағыты бойынша соңында нақты ісі қалу керек. Сол үшін мен студия ашып, тынбай еңбектеніп жатырмын.
Тынымсыз еңбектің арқасында суретшінің туындыларын Германия, Түркия және Ресейдің жеке коллекционерлері үнемі сатып алады. Суретшінің негізі бағыты туған жер тақырыбына арналған. Әсіресе өр Алтайдың әдемі табиғатын арқау етеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин