Семейде тұрғын үйлердің су астында қалу қаупі бар
Әсіресе соңғы 2 күнде өзен суы 478 см-ге дейін көтерілген. Осылайша қала маңындағы 4 бірдей тұрғын үй алабы немесе 254 жеке үйдің су астында қалу қаупі бар. Атқарушы билік жағдайдың соншалықты күрделі еместігін айтып, тұрғындарды сабырға шақырып отыр. Ертістің ернеуі сағат сайын бақылануда. «Шүлбі гидроэлектр станциясы тұрақты түрде су көлемін құйып жатқанына қарамастан, су деңгейі қатты көтерілген жоқ», – дейді мамандар. Сондай-ақ олар су басу қаупінің неден туындағанын түсіндірді. Ауа температурасының тұрақсыздығынан өзеннің арнасы мұзбен бітеліп қалған.
Валентина Пищальникова, «Ертіс бассейні инспекциясы» РМК Семей аумақтық бөлімінің маманы:
- Өзеннің бетіне су қатқандықтан, ағыстың қай жерде баяулағанын біле алмаймыз. Қандай да бір шара қолдануға әзірге ерте.
Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
- Жағдайды әсірелеудің қажеті жоқ. Дей тұрғанмен, біз азаматтық қорғаныс саласы өзге де құрылымдық күштерді күшейтілген режимге көшірдік. Олар сақадай сай тұр. Қай жерге қауіп төніп тұрғанын да білеміз. 254 үйдегі 760 адамға ескертілді.