Павлодар облысындағы Ертіс ауданында су бағасы арзандайды
Ауыл халқы үшін судың текше метрінің құны енді 300 теңгеден 100 теңгеге арзандайды. Айта кетейік, алып су желісі осыдан 3 жыл бұрын іске қосылып, 13 ауылға су беруге шақталған еді. Дегенмен, субсидияланатын нысандар қатарына енгізілмегендіктен, судың бағасы қымбат болды. Құрылыс жұмыстарына 3 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Тұрғындардың қалтасы көтермегендіктен, 8 елді мекен бұдан бас тартты. Нәтижесінде кеңес дәуірінде жұмыс істеген станцияны қайта іске қосты. Ал шалғайдағы ауылдар суды Ертіс өзенінен тасып ішуге мәжбүр болды.
Нұржан Алдыбаев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының маманы:
- Субсидиялау мәселесі соңғы бірнеше жыл бойы көтерілген еді. Бүгінде күрделі мәселені шешуге қатысты жобаны республикалық бюджеттік комиссия мақұлдады. Енді жобаның бұйрығына бекітілу керек. Сонда Ертіс ауданы тұрғындары үшін судың текше метрі 100-110 тг шамасында болады. Алдағы уақытта Май ауданындағы топтық су құбырын да субсидияланатын нысандар тізіміне енгізу жұмыстары қолға алынбақ.