Отандық жиһаз өндірушілер тың талаптарға дайын болмай шықты
Жарты жыл ішінде Орал өңірінен бірде-бір кәсіпорын сертификатқа қол жеткізбеген. Керісінше мемлекеттік сатып алу арқылы күн көріп жүрген жеке кәсіпкерлер тірлігінің тұралап қалғанын айтады.
Кәсіпкер Біржан Қожақов – І топтағы мүгедек. Сал ауруына шалдыққан балаларға вертикализаторларды тегін таратып, жомарттығымен аты шыққан азаматтың өзі қазір көмекке зәру. Себебі жұмыс жоқ. Бұрын мемлекеттік сатып алуларға қатысып, мектеп-балабақшаларға, емдеу мекемелеріне жиһаз жасайтын. Енді порталға кіре алмайды.
Біржан Қожақов, кәсіпкер:
- Қазіргі таңда 7-8 кісі қалды. Жұмыс жасайтын 35 адам бар еді. Көпшілігін өз есебінен еңбек демалысына жіберіп отырмыз. Енді нан тақтайлар мен сандықтарды сатып күн көрудеміз. Бұл – тек біздің облыс емес, Қазақстан бойынша проблема.
Қазір кәсіпкер индустриалды сертификат алудың қамымен жүр. Бірақ ол оңай шаруа болмай шықты. Алдымен сәйкестік сертификатына қол жеткізу қажет екен. Ол үшін жүздеген жиһаз үлгісін Нұр-Сұлтан қаласына апарып, сынақтан өткізу керек. Жақын жерде басқа зертхана жоқ. Тиісті қорытынды алған соң, осы сала қауымдастығының мамандары орталықтан келіп, кәсіпорынды көруі тиіс. Сала құлаш құжат жинау тағы бар. «Мұның бәріне 10 миллиондай қаржы кетеді», – дейді кәсіпкер.
Біржан Қожақов, кәсіпкер:
- Ана жақтан келген мамандардың келіп-кетуі үшін жолақысын төлеймін. Жиһаз жасап, оны жүк көлігімен апарамыз. Оралдан Нұр-Сұлтанға дейінгі жол құны кем дегенде 250-300 мың. Сосын анда өзіміз тұратынымыз бар. Оның бәрі қаражатқа тіреледі ғой. Осы проблема болып тұр.
Өзекті мәселе өзге де жиһаз жасаушыларды айналып өтпеген сыңайлы. Әзірге бірде-бір оралдық кәсіпорын аталған құжатқа қол жеткізбеген.
Мұрат Қадырбеков, «Қазақ соқырлар қоғамы» Орал өндірістік кәсіпорнының директоры:
- Жұмысшылардың дипломдары керек. Онсыз тағы өте алмайтын сияқтымыз.
Индустриалды сертификат «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы беріледі. Күні бүгін өңірде машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласында 5-6 кәсіпорын ғана өнім сапасын куәландырған.
Райса Рахметова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының сарапшысы:
- Жиһаз жасау бағыты бойынша әзірге бізге өтінім түскен жоқ. Сертификат тек тауарға емес, қызмет пен жұмысқа 3 жылға беріледі. Жабдықтар жаңартылса немесе техникалық процестер өзгерсе, жыл сайын актуализацияға өтініш береді. Мақсат – сапалы өнім шығаратын кәсіпорындарды анықтап, оларды білікті жеткізушілердің бірыңғай реестріне қосу.
Өнім сапасын арттырып, тауарлар мен қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан өзгерістердің қажеттігімен жиһаз жасаушылар келіседі. «Алайда мемлекеттік сатып алумен ғана жан бағып жүрген кәсіпкерлерге тың талаптарды жеңілдетудің жолдары табылса екен», – дейді.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов