Қызылордада медициналық оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі артты
Мәселен, терможамылғы арқылы науқастарды батпақпен емдеуге болады. Ал омыртқа және буын ауруларына гидромассаждың пайдасы көп екен.
Дүйсенкүл Тәжікова, қала тұрғыны:
- Бумен емдеу денсаулыққа өте пайдалы. Әсіресе қатты суық тиген кезде будың емін барлығымыз жақсы білеміз.
Жалпы бұл клиникада 50-ден астам оңалту ем шарасы жүргізіледі екен.
Айман Нақыпова, дәрігер-реабилитолог:
- Бізде қалыптастыру бағытындағы ем шаралары өте көп. МӘМС бағдарламасы аясында қазір науқастар бүкіл емді тегін қабылдайды. Ал бұл бағдарлама жоқ кезінде, әрине, олар ақылы түрде өтетін. 10-12 күндік емдік шараларға 264 мың теңге төлейтін. Ал енді МӘМС бағдарламасының арқасында науқастар тегін өтеді.
Бақыт Исмаханбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры:
- Облысымызда МӘМС жүйесі енгізілген күннен бастап оңалту емі бірінші рет өте кең көлемде қаржыландырыла бастады. 2019 жылы оңалту емінің қаржыландырылуы 180 млн теңге болса, 2020 жылы бұл бағытты қаржыландыру мәселесі 2 млрд теңгенің үстіне шықты. Сондықтан оңалту қызметін көрсететін қызмет берушілердің немесе медициналық ұйымның саны артты.
Айта кетейік, жаңа жүйе бойынша ересектерге 161 түрлі, 18 жасқа дейінгі балаларға 192 түрлі дәрі-дәрмек тегін берілмек. Бұл 62 ауру түрін қамтиды екен.
Нұрбек Әділханов, Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы, қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- МӘМС жүйесінде жаңадан енгізілген 225 дәрілік заттың қазіргі таңда 157-сі бірыңғай дистрибьютормен сатылып алынған. Медициналық ұйымның сұранысы бойынша жеткізілуге дайын тұр. Ал қалған позициялар бойынша дәрілік заттар құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, заңды күшіне енгеннен кейін сатып алынатын болады. Жалпы МӘМС жүйесіндегі азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданылады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні Қызылорда облысында дәл осындай 56 клиникамен нақты келісімшарт жасалған. Алдағы уақытта олардың саны тағы да артуы мүмкін. Өйткені емханалар тікелей тапсырыс беруші ретінде жеке клиникалармен келісімшарт жасауға мүмкіндігі бар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов