Алматыда 21 жобаны жүзеге асыру үшін 700-ге жуық жер телімін босату керек
Бұл туралы арнайы брифинг өткізген Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов хабарлады.
Алматы қаласының ерекше мәртебесі, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдарға 28 өзгеріс енгізілген. «Бұл өзгерістің барлығы ірі мегаполистер мен әлемдік астаналардың тәжірибесін ескере отырып жасалды», – дейді мамандар. Мысалы, Алматының шеткі аудандарындағы құрылысты жоспарлауды үйлестіру және іске асыруда қаланың өкілеттіктері кеңейтілген.
Алмасхан Ахмеджанов, қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:
- Осы жылы қала шетіне детальді жоспарлау жобасын жасаймыз. Алматы облысы сол жағынан өзінің жоспарын құрастырады. Оған координация жасаймыз. Егер жол немесе мектеп керек болса, олар сол жерге жол немесе мектепке орын қалдыруы керек.
Қаладағы жер телімдерінің 90% жеке меншікте. Оның барлығында үй немесе ғимарат орналасқан. Жаңа өзгерістер жолайрық, әлеуметтік және энергетика нысандарына қажетті жерлерді мәжбүрлеп сатып алу кезінде әкімдіктің құқығын күшейтіп отыр. Сол үйлердің құжаттарын реттеп, тұрғындарының тізімін жасаумен айналысатын арнайы ұйым құру да жоспарланған.
Ардақ Самамбетов, қалалық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Қалада қазіргі уақытта 21 жоба бар. Оның бәрін санайтын болсақ, 600-700 жер учаскесін құрайды. Жер қатынастары басқармасындағы 3 адамның оның процедураларын жедел әрі сапалы аяқтауы мүмкін емес. Сондықтан қазір жеке меншік жер учаскелерінің көптігіне байланысты осындай ұйымның құрылуы ойластырылуда.
Сондай-ақ Алматы қаласы үшін аумақтың сәулеттік және қала құрылысын дамыту бөлігінде жеке ережелер мен талаптарды қабылдауға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Алмасхан Ахмеджанов, қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:
- Қазіргі уақытта біз Алматының тарихи ғимараттарының каталогын жасап жатырмыз. Бұл ескерткіштердің санитарлық қорғау аумағы қарастырылған. Тарихи нысандардың жанынан салынатын ғимараттардың барлығы да оның сәулеттік стилімен үйлесіп, қала құрылысы талаптарына сай келуі керек.
Заңдағы өзгерістердің негізгі мақсаты – қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. Өзгерістер Алматының дизайн кодын бекітуге де мүмкіндік береді. Айтпақшы, кез келген алматылық қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтында немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларында қала келбетіне қатысты өз ұсыныстарын білдіре алады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон