Елімізде жыл басталғалы 90 жүргізуші мас күйінде рөлге отырып ұсталды
Соның бірі адам өлімімен аяқталды. Енді мұндайларға жаза күшейді. 11 қаңтардан бастап күшіне енген заң бойынша мас күйінде көлік жүргізгендер енді 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылады.
Өткен жылы ел бойынша мас жүргізушілердің кесірінен 98 адам қаза тауып, 716 адам жарақат алыпты.
Қазақстанда қанда 0,5 промилле алкогольдің табылуы «жеңіл дәрежедегі мастық» деп есептеледі. Нарколог мамандар көлік жүргізушілеріне бір тамшы да ішімдік ішуіне қатаң тыйым салады. Себебі бір тамшы алкогольдің өзі адамның миындағы нейрондардың жұмысын бұзады. Мысалы, сау адам үшін көлігін тежеуге 15 метр жеткілікті болса, ал ішіп алған адам үшін 45 метр не одан көп қашықтық қажет.
Жыл басталғалы 14 күнде ел бойынша 90 мас жүргізуші ұсталған. Бірі адамның ажалымен аяқталды. СҚО-да болған оқиға барысында удай мас жүргізуші жолаушыны басып кетіп, ажалына қалды. Жаңа заң талабы бойынша енді ол 7 жылға бас бостандығынан айырылады. Ескі заңда 5 жыл болатын. Сондай-ақ ол енді ешқашан рөлге отыра алмайды.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Талап 11 қаңтардан бастап күшіне енген болаты. Қазіргі таңда 92 адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Олар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, өздері 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жаңа заңның жаңа талаптары мынадай:
Егер жүргізуші мас күйінде рөлге отырып, жол апатын жасамаса және азаматтарға зиян келтірмесе де, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және жүргізуші куәлігінен 7 жылға дейін айырылады.
Ал егер мас жүргізуші азаматтардың денсаулығына зиян келтірсе, онда ол бас бостандығынан 3 жылға дейін және көлік басқару құқығынан 10 жылға дейін айырылатын болады. Осындай жағдай адам өліміне әкелетін болса, онда мас жүргізуші 10 жылға дейін сотталып, көлік басқару құқығынан 10 жылдан бастап, өмір бойына дейінгі мерзімге айырылатын болады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Егер жүргізуші куәлігінен айырыла тұра, яғни әкімшілік жазасын өтеп болмай тұрып тағы да автокөлікті ішімдік ішіп басқаратын болса, ол жүргізуші куәлігінен өмір-бақи айырылады.
Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырыла тұра, көлікке мас күйінде отырған жүргізушілер үшін де жауапкершілік күшейтілді. Мысалы, осы аптада Қарағандыда 37 жастағы азамат ұсталды. Анықталғандай 2018 жылы да ол ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін көлікті басқару құқығынан айырылған екен. Қайтара жасалған қылмысқа заң жұмсақтық танытпайды. Бұрын 50 тәулікке қамалса, енді 5 жылға сотталады.
Жанатай Сембеков, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Көлік жүргізушісі бұлтартпа шарасы ретінде үйқамаққа алынды. Аталған азаматты өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру және оның 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаза күшейгенмен қылмыс азая ма? Жүргізушілер жаппай ішімдіктен бас тартпас, бірақ «сау жүргізуші» ақылы қызметіне жиі жүгінуі кәдік. Соның бірімен телефон арқылы байланыстық.
Олег Ковалев, «сау жүргізуші» қызметін ұсынушы:
- Қазір жүргізушілер жиі хабарласатын болды. Біріншіден, заң қатал. Екіншіден, олар бұл шынымен де қылмыстық іс екенін түсіне бастады. Менің 30 жылдық тәжірибем бар, соның соңғы 5 жылында осындай қызмет көрсетемін. Ақысы – 5 мың теңге. Өзіңнің, өзгенің отбасын ойран еткенше, сау жүргізушінің қызметін пайдаланған әлдеқайда дұрыс деп санаймын.
Жүргізушілермен жүздестік те, тілдестік те. Көбісі жаңа заңды құптайды.
Елімізде жылына көлікті мас күйінде басқаратын 25 мың жүргізуші анықталады. 2019 жылы олардың кесірінен 98 адамның қаза тапқанын жоғарыда айттық. Енді Қылмыстық кодексте «Мас күйінде жол қозғалыс ережесін бұзды» деген жаңа бап пайда болды. Бұл татуласуға мүмкіндік бермейтін ауыр қылмыс болып есептеледі.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев, Бекболат Базаров