Елімізге мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек
Президенттік кадрлық резервтің негізгі мақсаты да сол. Айтып-айтпай не керек, «Билікте тамыр-таныстық әлі де бар, онымен күресу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесуінде.
Сондай-ақ Президент жаңа қызметке тағайындалса, командасымен бірге ауысатын лауазымды шенеуніктердің әрекетін тағы бір сынға алды.
Үздік деп танылған 300 жасқа біздің билік үлкен үміт артады. Кадрлық резервке жалпы саны 13 мың жан ниет білдірген екен. Бабы мен бағы келіскен осы топтың жұлдызы жанды. Енді олар мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда жауапты қызметке тағайындалады. Ел басқару ісіне де араласа алады. Қазірдің өзінде резервке өткен 55 азамат жаңа орынға жайғасты. Жыл соңына дейін 100-ге жетпек.
Еркебұлан Боранбай, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Жоба нәтижесі шыққаннан бері 14 күн өтті. Екі апта ішінде көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе.
Мұрат Төрегелдин, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Президент бізге үлкен үміт артып жатыр. Бұл жастар үшін үлкен жоба болады деп сенемін.
Мейір Алпысов,Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Әртүрлі облыстардағы мекемелерден ұсыныс түсіп жатыр. Бәрін қарастырып жатырмыз.
Кадр резервін құруды Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында айтқан. Айтып қана қойған жоқ, 10 айға жетпей іріктеу де өтті, тізім де түзілді. Жүзден жүйрік шыққандарды Президент Ақордаға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:
- Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз.
Ринат Бектұров – кадрлық резервке ең жоғары балмен өткен маман, еліміздің қаржы нарығының жаңа тарихын жазуға атсалысып жүрген жастың бірі. Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында басшылық қызметті атқарады. Оның бір арманы бар: Қазақстанның аймақтық қаржы орталығына айналып, халықтың қаржылық сауатының жетілуі.
Ренат Бектұров, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Ішкі қорларды жандандыруға байланысты бірнеше ойым бар. Мысалы, қазақстандықтарды ақшаны жұмсаумен қатар жинақтау әдетіне баулу қажет деп кәміл сенемін. Себебі жинақтау тек қана ауқатты адамдардың ғана емес, әр адамның дағдысы болуы тиіс. Ол үшін қаржылық сауаттылықты бала шақтан қалыптастыру қажет.
Тілектес те адам мен адамды теңестіретін білім екендігін жақсы біледі. Қырдың қара баласы бүгінде қаржы саласының қыр-сырын бес саусақтай меңгерген. Күні кешегіге дейін қазаққа беймәлім боп келген блокчейн технологиясын зерттеп жүр.
Тілектес Адамбеков, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Осы уақытқа дейін алған білімім мен тәжірибем мемлекеттік блокчейн аясында құрылған мемлекеттік криптовалюта жобасына итермеледі. Блокчейн технологиясы тек криптовалюта саласында емес, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, логистика салаларын дамытуға септігін тигізе алады. Мысалы, мемлекеттік қаржы жүйесінде қадағалау мен транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік алып келеді. Соның арқасында жемқорлықты түбегейлі жоюға болады.
Бізге қоғам басқарудың жаңа моделіне мұқтаж. Жаңалықты Президент кадр резервіндегі жас буыннан күтіп отыр. Әйтпесе, қазір тамыр-таныстың көмегімен қызметте көтерілуді, командасымен үдере көшіп жүруді кез-келген министр мен әкім қалыпты санайтын күнге жеттік. Президент «Мұндай жүйені сынау керек», деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Іс жүзінде министр не әкім ауысса,кадрлық құрам да міндетті түрде айтарлықтай өзгереді. Меритократия принциптері әрдайым сақтала бермейді. Әлі күнге дейін тамыр-танысы арқылы қызметте өсу және қамқорлық жасау деректері бар. Бұл – рас. Біз бәрін білеміз.
Соңғы жылдары мемлекеттік аппаратта 500-ден астам ауыс-түйіс болған. Бір лауазымнан екінші лауазымға ауысып жүрген бөлім, департамент, ведомство басшыларының тірлігін Мемлекет басшысы «көшпелі шегірткенің» әрекетіне балады. Мамандардың бір орында тұрақты отырмауы салдарынан сабақтастық үзіледі, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі төмендейді. Мемлекет басшысы кей органдардағы керексіз штаттарды қысқартатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан халқына арналған жолдауда айтқанымдай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25% қысқарту көзделіп отыр. Әрине, бұл біржақты жасалмайды, олардың атқаратын қызметін қайта қараймыз. Яғни мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартамыз.
Қоғам қазір шенеуніктерді билік дәліздерінде шешім қабылдайтын топ ретінде қабылдайды. Президент жастардан осы қасаң қағиданы жоюды сұрап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:
- Мен: «Мемлекеттік қызметкерлер – халықтың бір бөлігі, халық үшін және халық арасында жұмыс істейді», – деп қайталап айтудан шаршамаймын. Бұл әсіре сөз емес. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына бағаны халық беруі тиіс деп өз жолдауымда да айттым. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет.
Кадрлық резервке ілінген 300 жастың осалы жоқ. Бәрі – өз саласының кіл мықтылары. Барлығы дерлік қаржы, мұнай-газ, аймақтық басқару, сандық технология, блокчейн секілді салаларға тың жаңалығын енгізгісі келеді. Ең бастысы, олардың әрбір бастамасын мемлекет қолдап отыр. Демек, талантқа тосқауыл жоқ.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков