Президенттік резервтің 10 мүшесі Ұлттық экономика министрлігіне қызметке тағайындалды
Резервке енген 10 маман ҚР Ұлттық экономика министрлігіне басшылық қызметтерге тағайындалды. Олармен сала министрі Руслан Дәленов жеке жүздесіп, қызметтеріне табыс тіледі. Министрдің айтуынша, қазір ведомство жаңа көзқарастар мен тың идеяларға мұқтаж. Сондықтан ол аптаның бір күнін «Кадрлық резерв жастарымен кездесу» күні деп белгілеуді ұсынды. Яғни жастар осы күні министрмен кездесіп, ел экономикасын жақсарта түсу төңірегінде ұсыныстарын жеткізетін болады. Ұсыныс аз айтылған жоқ. Макроэкономика, мемлекеттік активтерді басқару, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі батыл ұсыныстарды министр де қолдап отырды.
Марат Оразбаев, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:
- Бұл – өте салмақты шешім. Ертең осы лауазымға келіп, біз максималды түрде пайда әкелуіміз керек. Мен өзім қаржылық бақылау саласында жұмыс істеймін. Мемлекеттік аудит департаментінің орынбасары ретінде ұсыныстар бар. Алла бұйыртса, шешім қабылдаған соң көреміз.
Әсел Пірназарова, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:
- Менің жобам сараптау кезінде ұлттық экономиканың бір бөлігіне бағытталған еді. Жалпы осы ұлттық экономикада жұмыс істеуге тырыстым. Осыған қолым жетті.