Хабар телеарнасы

Президент Джанлука Эспозитоны қабылдады

Бұл істе бізге Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы Джанлука Эспозитоны қабылдап, осы мәселені кеңірек талқылады. «Аталған ұйымның қызметіне атсалысуға Қазақстан мүдделі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал ұйымның атқарушы хатшысы: «Қазақстан осы топқа мүше болса, елдегі бизнес ахуалы жақсара түседі», – деген пікірін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз аталған ұйымның қызметіне атсалысуға өте мүдделіміз. Бұл біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысымызға, сонымен қатар ел дамуына кері әсер ететін басқа да мәселелердің шешілуіне тың серпін береді деп сенеміз.

Джанлука Эспозито, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы:

- Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болуы жемқорлықпен күрестің принциптері мен тетіктерін жетілдіру ісіне ғана емес, сондай-ақ бизнес ахуалын жақсартуға, мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын жандандыруға да септігін тигізеді. Қазақстан мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының ынтымақтастығы екі тарапқа да тиімді болады.