ШҚО-да сырғанаудың соңы жазатайым жағдайға соқтырды
Осы қыста 7 жазатайым жағдай болды. 5 адам ауыр жараланып, 2 адам қайтыс болды. Олардың бәрі де автокөлік жолы кесіп өтетін тауға барып сырғанақ тепкен. Ал қысы кемінде 6 айға созылатын өңірде қайғылы жағдайлар қайталанбау үшін құзырлы орган қызметкерлері халыққа тек арнайы сырғанақ алаңдарында көңіл көтеруге кеңес береді.
Көңілді демалыстың соңы ауруханамен аяқталды. Өскемендік бойжеткен Марина Колесникова құрбыларымен бірге өмірінде бірінші рет сырғанақ тебуге барған. Бірақ жазатайым жағдайға ұшырады.
Қала шетіндегі Шешек асуынан сырғанаған бірнеше қыз сол бойы етектегі автокөлік жолынан бір-ақ шыққан. Осы тұста көліктің астына түскен. 30 жастағы бойжеткеннің бел омыртқасы ауыр жарақат алған. Бірге сырғанаған құрбыларының да жағдайы ауыр.
Марина Колесникова, қала тұрғыны:
- Біз Шешек асуының ең биік жеріне шықтық. Тік еңіске сырғанаған бойы келіп, жазықтағы жолға басымызбен қадалдық. Сол кезде келе жатқан көлік тоқтап үлгермей, басып кетті. Бізбен бірге таудың ең басына шығып сырғанағандар да жарақаттанып, ауруханаға түсіпті.
Дәл осындай жағдай Жаңа жыл мерекесі кезінде Бесқарағай ауданында да болды. Екі жасөспірім автокөлікке резина баллон байлап сырғанаған. Бірақ кілт тоқтағанда, баллонда отырған екеу жолдың қарсы бетінде келе жатқан көлік астына түскен. Екеуі де сол жерде жантәсілім етті. Ал дәрігерлер қыста көңіл көтеру кезінде ауыр жарақат алатындардың саны азаймай тұрғанын айтады.
Мұрат Нұрбекенов, облыстық Арнайы медициналық орталығының бас дәрігері:
- Қардың қалың жауғаны біздің жұмысымызды да қиындатты. Тек сырғанақ тебу және тауда көңіл көтуруге барып, түрлі жарақатпен ауруханаға түсетіндердің саны соңғы 2 айда 2 есеге көбейді. Сондықтан тұрғындарға өте абай болуын ескертеміз.
Әсіресе сенбі, жексенбі күндері Жедел жәрдем ауруханасының сынық бөлімі науқастан босамайды. Бір тәулікте тек сырғанақтан жарақат алған 5-6 адам жеткізіледі.
Осы қыста қалада бірнеше жерде арнайы сырғанақ алаңдары ашылды. Бірақ қардың қалыңдығынан тұрғындар, әсіресе балалар, дөң-дөңестен сырғанақ жасап алған. Бірақ бұл жерлерде қауіпсіздік қарастырылмағандықтан, ойынның соңы кейде қайғылы жағдайға соқтырып жатады.
Қала аумағындағы әрбір жота мен дөңді бақылауға құзырлы орган қызметкерлерінің дәрмені де, пәрмені де жоқ. Ал өз бетімен сырғанап жүрген тұрғындарды жауапқа да тарта алмайды.
Марина Лискова, қалалық ТЖ басқармасының баспасөз хатшысы:
- Халыққа түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ қала сыртындағы әрбір таудың басын қадағалап кезекшілік ете алмаймыз. Сондықтан тұрғындардан әсіресе жолға жақын жерде сырғанамауды сұраймыз.
Дегенмен төтенше жағдайлар қызметкерлері қаладағы арнайы ашылаған сырғанақтарда халыққа қауіпсіздік ережелерін үйретіп, балалармен бірге көңіл көтеріп жүр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин