Шетелдік көліктер Қазақстанға кірген соң 10 тәулікте тіркелуі тиіс
Жақын күндері арнайы қабылдау ұйымдастыруға да бекініп отыр.
Елімізде Армения, Қырғызстан және Ресей көліктерінің қатысуымен көлік апаты жиілеп кеткен. Ал техника тіркелмегендіктен, айыптыны табу қиын.
Армения, Қырғызстан, Ресейден әкелінген шетелдік нөмірмен жүрген көліктер саны 170 мыңға жетіпті. Оған иелік етушілер тез арада тіркеуі тиіс екен мәлімдеді.
Шетелдік көліктерді тіркеуге алудың тағы бір қажеттілігі: былтыр оны тізгіндеген Қазақстандағы жүргізушілердің қатысуымен 1854 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 132 адам көз жұмыпты. 500-ден астам адам жарақат алған.
Сондай-ақ бейнебақылау құрылғылары 90 мыңнан астам ереже бұзушылықты тіркепті. Ал айыптыларды түгел табу мүмкін болмапты. Тіркеуден өткізу осы мәселені де реттеу үлкен сеп болады екен.
Эдуард Эдоков, тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
- Кезінде 2 есе арзан бағамен әкелінген көліктерді заңды түрде тіркеген дұрыс. Әрине, бұл темір тұлпар иелеріне жеңіл болмайтыны анық. Бірақ олар мұны бұрыннан біледі. Сондықтан жауапкершілік өздеріне жүктеледі. Бұл, әрине, тосыннан келген жаңалық емес. Оларға шектеу қою 2008 жылдан басталған болатын.
Министрліктегілер де тіркеу талабы бұрыннан бар екенін растады. «Шетелдік көлік саны тым көбейіп, олардың қатысуымен түрлі мәселе туындаған соң, оны тағы бір еске түсіріп, нақты шара қолға алу қажет» деп шешіпті. Ескере жүріңіз: қаңтардың 17-18 күндері барлық бөлімшеде осы бойынша мамандардың қабылдауы өтеді. Ал рейд кезінде шетелдік көлік мінген жүргізушілерге алдымен ескерту беріледі. Одан кейін ғана айыппұл салынады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Абдулла Исаев