Түркістан облысында биыл 93 мыңға жуық көпбалалы отбасы жәрдемақы алады
Балаларының барлығы кәмелеттік жасқа толмаған. 6 баласы мектепке барады. Кенжесі 4 жаста. Жолдасы жергілікті зауытта қара жұмысшы болып еңбек етеді. Жұмыссыз келіншек өткен жылы «Еңбек» бағдарламасына қатысып, тігіншілікті меңгеріп алған. АӘК-тен бөлек 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болыпты. Оған 2 тігін машинасын сатып алып, тұрмысқа қажетті көрпе-төсек пен киім-кешек тігіп сатады.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Атаулы әлеуметтік көмектің жалпы мәні тек қана ақшалай беру емес. Ақшамен қоса біз отбасына жұмыспен қамту шараларын ұйымдастырып, грантпен, шағын несиемен қамтып, қиын жағдайдан шығып кетуіне көмектесуіміз керек. Сондықтан жұмысқа тартылыңыздар. Гүлмира ханым – 7 баланың анасы. Бұл кісі 7 баланы тастап, басқа жаққа барып, жұмыс істей алмайды. Үйінде мүмкіндік бар ма? Бар. Тігу қолынан келеді. Қараңыздаршы, көрпешелер қандай керемет! «Маған мынадай машина керек», – деді. Содан соң грант алды. Мемлекеттің ұсынып жатқан мүмкіндігін пайдалану керек.
Ісмер келіншек көздің жауын алатын мына дүниенің барлығын бір өзі тігіп жатқан жоқ. Оған қолы босаған кезде күйеуі Әлішер көмектеседі. Осылайша отбасылық кәсіп күннен-күнге жанданып келеді.
Әлішер Юлдашев, Кентау қаласының тұрғыны:
- Кешке жұмыстан келемін. Тамағымды ішіп болғаннан кейін қолым бос. 3-4 сағат жанында отырып, көмектесемін. Негізі күніне 5 көрпенің қабын тігуге болады. Еш қиын жері жоқ. Машинамен тігуді әйеліме өзім үйреткенмін. Шешемнің өзі 30 жыл тігінші болған. Шешемнен көріп үйрендім.
Істің көзін таба білетін келіншек тіккен затын өткізудің де жолын тапқан. Ол үшін Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланады. Арасында базарға өткізіп тұрады.
Гүлмира Юлдашева, көпбалалы ана:
- Әр апта сайын жәрмеңке болады. Соған шығамын. Базардағы киім сататын таныстарыма өткіземін. Арасында базар басшылығымен келісіп, өзім де шығып отырамын. Сұраныс жақсы, осыған шүкіршілік етеміз.
Жауапты сала мамандарының айтуынша, биыл Түркістан облысында 93 мыңға жуық көпбалалы отбасына жәрдемақы төленеді. Оның ішінде 50 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі.
«Мектеп жасына дейінгі балаларға ай сайын тегін азық-түлік жеткізіледі. Әр тоқсан сайын гигиеналық заттар беріледі. Ал мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ пен жолақысы төленеді. Сонымен қатар тамыз айында мектеп құралдары мен киім-кешек үлестіріледі. Тек осының бәрін халыққа дұрыс жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек», – деді Түркістан қаласындағы халықты Жұмыспен қамту орталығында көпбалалы аналармен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министі Біржан Нұрымбетов.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Сондықтан осының бәрін реттеп, былтырғы қателерді жібермеуіміз керек. Түсіндіру жұмыстарын әлі де аудан, ауыл деңгейінде жалғастырамыз. Халыққа бірнеше рет бір нәрсені айтып жеткізе беру қажет.
Сапар соңында Еңбек министрі жергілікті жердегі жауапты сала мамандарына түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш