Елордада «Business Lady Qazaqstan» атты іскер әйелдердің республикалық байқауы өтті
Өңірлерден кәсіпкерлікпен айналысатын 11 қатысушы ақтық мәреде 2 кезең бойынша бақ сынады. Отбасы мен кәсіпті қатар алып жүргендердің бірі – Жайна Өмірханқызы. Ол – құрылыс компаниясының басшысы. Бұдан бөлек қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады.
Құдайберген Жайна, қатысушы:
- Менің мұнда алып келген жобам – бизнес камп 13/17. Бұл – 13 жас пен 17 жас аралығындағы жастарды, жасөспірімдерді бизнес сауаттылығын дамытуға арналған лагерь. Мен өз жобамды осында қорғау арқылы болашақта кәсібімді шыңдай түсемін деген үлкен ниетпен келіп тұрмын.
Сәуле Қайсар, ұйымдастырушы:
- Алдымен бұл байқау іскер әйелдердің кәсібін өрлетуге, жоба пиарын жасауға көмек береді. Қатысушылар өзара танысып, болашақта бірлесе жоба құруы мүмкін. Бұл – кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Байқаудың ақтық сынына дейін біз шешендік өнер, стилистика, аспаздық сынды түрлі шеберлік сабақтарын өткіздік. Олардың барлығы нәзік жандылардың өміріне, шығармашылық пен кәсібіне пайдасын тигізеді деген ойдамыз.