Мәжіліс депутаттары Ұлттық банктің жаңа талабын өзгертуді сұрады
Депутаттар шағын қалалар мен ауылдардағы ақша айырбастау пунктерінің жарғылық капиталының көлемін өзгертуді ұсынып отыр. Себебі Ұлттық банктің жаңа ережесі бойынша, ауылдағы әр пункте кем дегенде 50 млн теңге, ал ірі қалаларда 100 млн теңге қаражат болуы керек. Шағын бизнеске бұл оңай тимейді. Әрі қаржы айырбастау пунктеріне ұры-қары көп шабуылдайды. Депутаттардың айтуынша, жаңа талаптың салдарынан көлеңкелі бизнес қаптап, яғни қосарлы валюта бағамына алып келуі мүмкін.
Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ұлттық банктің талабы шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізіп, тіпті оның қызметкерлерінің өміріне қауіп тудырады. Біздің ойымызша, жаңа ереже ірі банктердегі шағын кәсіпкерлерді ығыстыруға бағытталған. Бұл валютаның көлеңкелі нарығына әкеліп, валюта бағамының кешкі уақытта, түнде екі түрлі болуына себеп болуы мүмкін.