Еліміздегі ақша айырбастау пунктері 500 рет заң бұзған
Бұл туралы Ұлттық банк өкілдері хабарлады. 2019 жылдың екінші жартысында 178 валюта айырбастау орны тексеріліп, 140-тан астам заңбұзушылық анықталған. Олардың 80% «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды» елемеген. Ал кейбіреулері клиенттердің мәліметтерін керек қылмаса, енді біреулерінде күзет қарастырылмаған. Жарғылық капиталды басқа мақсатқа жұмсағандар да болыпты. Енді кәсіби талаптарға салғырт қараған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. «Бірінші ақпаннан бастап ақша айырбастау пунктерінің жұмысына қатысты енетін өзгерістер осындай кемшіліктерді түзеу үшін жасалып отыр», – дейді Ұлттық банк өкілдері.
Жомарт Қажмұратов, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры:
- Енгізілгелі отырған жаңа өзгерістер ақша айырбастау пунктерінің ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Клиенттер мен ақша айырбастау орындары үшін қауіпсіз болады. Жарғылық капитал тек ақша айырбастау үшін ғана қолданылады. Сондықтан кешкі және түнгі уақытта шетел валютасының тапшылығы болмайды.