«Қазақмыс» корпорациясының басшысын әріптесі пышақтап тастаған
«Қазақмыс» корпорациясына қарасты тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұловты жұмыс бөлмесінде әріптесі Тоғызбай Тәжбенов пышақтап тастаған. Артынша өз-өзіне қол салады. Оны мұндай қадамға не итермелегені әзірге жұмбақ. Жұртты дүр сілкіндірген қылмыстың жай-жапсарын қазір тәртіп сақшылары анықтап жатыр.
Қанды оқиға 21 қаңтар күні кешкілік 18:00 шамасында болған. Полиция департаментінің таратқан ресми мәліметіне сүйенсек, «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы бас кеңсесінде директор Амангелді Мініғұлов пен «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов арасында жанжал туған. Өкінішке қарай соңы қайғылы жағдайға әкелді.
Жанатай Сембеков, Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы:
- Қарағанды облысы Жезқазған қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының директор кабинетінде Тоғызбай Тәжбенов өзара жанжал барысында Мініғұлов пен осы мекеменің маманы Тембаевқа пышақпен дене жарақатын келтіріп, сол жерде өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша тергеу жүргізілуде.
Тоғызбай Тәжбеновтің кәсіподақ саласында еңбек еткеніне 2 жылға жуықтапты. Бұған дейін ол корпорацияда түрлі басшылық қызметтерді атқарған. «Марқұмның басбұзарлық мінезін ешқашан байқамадық», – дейді әріптестері.
Болат Жұмабеков, ҚР Кәсіподақ федерациясы Қарағанды облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы:
- Тоғызбай Тәжбенов – «Кәсіпқорған» ұйымын құрғандардың бірі. Ол корпорация құрамындағы жұмыскерлердің мүддесін барынша қорғап келді. Сырт көзге өте сабырлы адам болып көрінетін. Мына жағдайды естігенде төбемізден жай түскендей болды.
Қазір арқасынан пышақ жарақатын алған бас директор Амангелді Мініғұловтың жағдайы бірқалыпты, түнде операция жасалған. Ал зардап шеккен екінші адам Сабыржан Тембаев жеңіл жарақат алғандықтан, ол үйіне босатылды. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин