Ел сенім артқан жастар мемлекеттік қызметте жұмысын бастады
Солардың бірі – 28 жастағы Аянай Раева. Ол қаладағы Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген осы екен. Алайда кейіпкеріміз: «Бірден жоғары лауазымға қол жеткіземін деп ойламадым», – дейді. «Барлығы Мемлекет басшысынының жастарға қолдау көрсетуінің арқасы», – деп отыр.
Аянай Мұхитқызының жалпы жұмыс тәжірибесі 7 жылға жуықтапты. Ал Мемлекеттік қызмет істері департаментіне келгелі 5 жылдан асқан. Бастапқыда ол «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен осы мекемеге хатшы болып жұмысқа орналасады. Өзін жақсы қырынан көрсеткен Аянай кейіннен қызметтік сатының әр баспалдағынан өтеді. Президенттік жастар кадр резервінің сынына қатысып, жүзден жүйрік деп танылды.
Аянай Раева, Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:
- Кез келген азамат мемлекеттік қызметке келген кезде ең әуелі жауапкершілікті сезіну керек. Сол кезде ғана мемлекеттік қызметшінің басқаларына берері мол болады деген ойдамын. Президенттік кадр резервінен кейін бізге департамент басшысының орынбасары лауазымын беріп отыр. Мұндай лауазымды маған ұсынады деп те ойлағаным жоқ. Алдағы уақытта қай жаққа жолдаса, сол жақта жұмыс жасауға дайынмын.
Аянай Раева: «Сыннан сүрінбей өту оңай болмады», – дейді. Оның «Жүректен жүрекке» атты жобасы Президенттік жастар кадр резервіне өтуіне көп көмегін тигізген. Әріптестері оның еңбегін жоғары бағалайды.
Әли Көмекбаев, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
- Аянай Раева бізде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Коллективте өзінің абыройы бар. Жас қызметшіміздің ерекшелігі – оның ізденісінде. Президенттік резерв дегенді мен толығымен қолдаймын.
Аянай қолы қалт еткенде Президент Әкімшілігінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалында дәріс оқиды. Оның сабағын тыңдаушылардың дені – мемлекеттік қызметке енді ғана келіп жатқан жас мамандар. «Білікті ұстаздан үйренереміз көп», – дейді тағылымдамадан өтушілер.
Керімжан Әбдеш, мемлекеттік қызметкер:
- Тәжірибесі мол, шетелден де практикасы бар, өзі көп нәрсені біледі. Жай ғана оқу емес, өмірлік ұстаным жағынан да сабақ беріп жатыр десек те болады.
Біздің кейіпкер қазір мелмекеттік қызметтегі әдеп жөніндегі кеңеске жауапты. Ойында «іске асырсам» деген жобалары да жеткілікті. «Оған алдағы уақыт төреші», – дейді Аянай.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов