Ертіс өңірінің 30-дан астам кәсіпкері алаяқтардың құрбанына айналды
Киім-кешек сатумен айналысатын азаматтар тауарды ғаламтор арқылы өзге өңірдегі тұтынушыларына да саудалайды. Бұл – кең тараған тәжірибе. Бірақ адамнан айла артылған ба? Тұтынушылардың бірі тауар алуға уағдаласып, қаражат аудару үшін жеке куәлік номерін сұраған. Кейін олардың атына шағын кредиттік ұйымдарда бірнеше несие рәсімдеген.
Анастасия Услуадам бес жыл бұрын дүкен ашқан. Жас кәсіпкер сәнді киім-кешекті әлеуметтік желі арқылы сатып, тауарды өзге облыстарға поштамен жібереді. Күндердің күнінде шымкенттік азаматша хабарласып, екі көйлекке тапсырыс беріп, қаржыны аударған. Бірнеше күннен соң Анастасияның атында екі несие бар екені белгілі болады.
Анастасия Услуадам, кәсіпкер:
- Тұтынушы келісілген сомадан артық ақша аударды. Күдік сонда туындады. ХҚКО-дан несиеге қатысты көшірмені алғанда, шағын несие ұйымына қарыз екенімді білдім. Несие тек жеке құжаттың номері арқылы рәсімделген. Қалған ақпарат жалған. Қаржы ұйымдары рұқсатсыз жеке мәліметтерді өңдеген.
Бұл алаяқтың арбауына 30-дан астам азаматтың түскені белгілі болды. Солардың бірі – Ирина Капустина. Оның мойнында бір емес, үш несие бар. Тәжірибелі кәсіпкердің шағын несиелік ұйым алдындағы қарызы 200 мың теңгеге жуықтаған.
Ирина Капустина, кәсіпкер:
- Бүгінгі күнге дейін бармаған жеріміз қалмады. Құзырлы мекемелерге арыз жаздым. Егер тиісті шара қолданылып, тергеу басталмаса, алаяқ құрбандарының саны өсе бермек.
Сейфолла Қасымқанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы:
- Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура бизнесмендердің құқықтарын қорғау мақсатында жол картасын әзірледі. Жергілікті кәсіпкерлер тап болған осы тектес мәселелер бұрын-соңды болмаған. Енді тиісті шараларды қолға аламыз.
Ал Полиция департаментінде алаяқтарға қатысты қылмыстық істерді тергеумен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде мамандардың қарауында 300-ден астам іс бар.
Аян Нүкенов, облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығы:
- Азаматша Анастасия Услуадамның өтініші сотқа дейінгі тергеу реестріне енгізілді. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тарауы бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратура осы тектес істерге сараптама жасауды қолға алды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бұл деректер бойынша қылмыстық іс қозғалған жағдайда тергеу амалдарына көмектесуге әзір. Мамандардың айтуынша, ғаламтор арқылы сауда көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Сондықтан бұл салада алаяқтық құрбандарының саны да көбеюі мүмкін.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий