Түркістан облысының волонтерлары Абай мұрасын насихаттаудың ерекше жолын тапты
Бұл ауданда «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген 9 нысан бар. Соның бірі – «Ғайып ерен, қырық шілден». Жергілікті жұрт «Шілтері әулие» атап кеткен киелі мекенге жылына мыңдаған турист барады.
«Ғайып ерен, қырық шілден» киелі орны жайында айтылатын аңыз да, әфсана да көп. Жергілікті халық оны «Шілтері әулие» дейді. Алайда оның қай заман, қай дәуірде өткенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ бір құдіреттің барына сенген халық осы жерді қасиетті санайды. Мұнда жылына мыңдаған саяхатшы мен зияратшы келеді. Жылдың төрт мезгілінде де адам қарасы үзілмейді. Волонтер жастар зияратшылардың алдынан шығып, күтіп алды.
Жастар бірден саяхатшылар мен зияратшылардан ұлы ақын Абай туралы сұрап, ақынның шығармаларынан үзінді оқып берді. Ақыл-ойдың алыбы жайында сахналық көрініс ұсынды. Табиғат аясында еліміздің әр түкпірінен келіп, киелі жерлерді аралап жүрген қонақтармен бірге Абайдың әндерін шырқап, мұрасын насихаттады.
Бейсекүл Омарқызы, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Мына жастардың Абайдың 175 жылдығына арнап айтқан өлеңдері жан-жақтан келген туристерге үлкен әсер береді деп ойлаймын. Абайдың 175 жылдығын насихаттап, өлеңдерін айтып, сахналық қойылымдар көрсетіп жатқанының үлкен әсері бар.
Жастар Абайдың 175 жылдығына орай ақынның мұрасын насихаттау үшін көп ойланғандарын айтады. Ойлана келе, туристер мен саяхатшылар көп жиналатын киелі жерлерді таңдапты.
Тимур Тастанов, аудандық Мәдениет үйінің әдіскері:
- Біз жұртты елең еткізіп, өзімізге тарту үшін ең алдымен Абайдың образын ойладық. Яғни жас Абай кезінде не айтқысы келді? Жұртқа нені жеткізгісі келді? Сол себепті Абайдың образын салып, оның қара сөздерін, өлеңдерін жастар болып жұртқа кеңінен насихаттайық деген ойымыз болды.
Төле би ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өңірге 30 мыңнан астам турист келген. Ал саяхатшылар мен зияратшыларға қолайлы болу үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шілтері әулиенің» басына 150 адамға арналған қонақүй де салынған. Ал волонтер жастардың ақын мұрасын насихаттауға арналған акциясы жыл соңына дейін жалғаспақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш