Шикізат тапшылығынан Арқалық ет комбинаты жартылай жұмыс істеп тұр
Оған негізгі себеп – шикізат тапшылығы. Күніне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға қауқарлы кәсіпорын әзірге жарым-жартылай жұмыс істеп тұр.
Торғай өңірі – төрт түлікке қолайлы, жайлы қоныс. Сондықтан төскейінен қашанда мал арылған емес. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір бұл өңірде 100 мыңға жуық ірі қара бар. Бірақ жергілікті халық Арқалықтағы ет комбинатына малдарын тапсырмайды. «Бағасы арзан», – дейді.
Мағзұм Баймағамбетов, шаруа:
- Оңтүстіктен келіп, бізден мал алып жүргендер бар. Олар сұраған бағаны еріксіз береді. Кемі 190 мың теңгеден алады. Ал биыл бұзауды 150 мың теңгеден алып жатыр.
Ал Арқалық ет комбинаты малды әрі кеткенде 130-140 мың теңгеге алады Айырмашылық біршама. Әрине, ақ адал малын кім арзанға бергісі келеді? Ет комбинаты да қымбат алып, өнімдерінің өзіндік құнын өсірмейді. Осыған байланысты шикізат тапшылығы туындап отыр. Қазір консервіленген ет шығаратын цех арагідік жұмыс істейді.
Қайрат Жиенбаев, ет комбинаты директорының орынбасары:
- Осы жерде тәулігіне 1 тонна консерві шығу керек. Қазіргі таңда біз аптасына 1 тонна шығарып отырмыз. Оның бәрі шикізаттың жетіспеуінен болып тұр.
Айта кетелік, аз уақыттың ішінде комбинат өз өнімдерімен ел ішінде танылып үлгерді. Кәсіпорын шығаратын шұжықтың 12 түрі Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай, Нұр-Сұлтан қалаларына өткізіледі. Тіпті жақында өнімдерінің сынама үлгісін Ресейдің Краснодарына да жіберіпті. Ал шикізат жетіспеушілігін шешу үшін бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр.
Қайрат Әбішев, Арқалық қаласының әкімі:
- Былтыр бордақылау алаңының жобасы жасалды, сараптамадан өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылыс басталды. Қыркүйек айында қатарға енгізуді жоспарлап отырмыз. Алаңда 5 мың басты бір уақытта ұстауға болады. Оған дейін ет комбинаты халықтан жинаған малмен жұмыс жасай береді.
Бордақылау алаңы жергілікті малдың есебінен толықтырылып отырады. Яғни ауылдағы ағайынға ірі қарасын жоғары бағаға сатып, үстінен субсидия алу мүмкіндігі пайда болады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг