Еліміздегі 30-дан астам ЖОО-да студенттерге шәкіртақы берілді
Міне, жаңа жылдың алғашқы айында жаңа шәкіртақы студенттердің қолына тиді.
Елордадағы ЖОО-да білім алып жүрген Азамат Ақжолтай хабарды тобындағы студенттерден естіген. Ол жаңа шәкіртақыны алып та үлгерді. «Мемлекет басшысының бұл қолдауы – білім алып жүргендер үшін мотивация», – дейді.
Азамат Жүсіпқалиев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:
- Бұл хабарды естіген кезде қуанышқа бөленіп, әлеуметтік желідегі топтарда бір бірімізге жіберіп, қуаныштарымызбен бөліскенбіз. Шәкіртақыны 25% өсіргені менің группаластарыма, жалпы университет студенттеріне білімін арттыруға жақсы мотивация болды деп ойлаймын.
Еліміздің 30-дан астам ЖОО-да аталған жаңа шәкіртақы осы айда беріле бастады. Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде 14677 студент жоғарылатылған шәкіртақыға қол жеткізді.
Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:
- Бізде 20 мыңнан аса білім алушы бар. Оның ішінде 75% бакалавриат пен магистратурада оқып жатыр. Ал студенттерге қосылған көмек олардың әлуеметтік деңгейін көтеруге, сонымен бірге қоғамдағы сөз бен істің арасына жақындауға үлкен себеп, зор ынталандыру болып отыр деп есептеймін.
Елімізде соңғы рет ЖОО білім алушыларының шәкіртақысы 2016 жылы 25% өсті.
Азат Теңгебаев, магистрант:
- Желтоқсан айына дейін 53 мың теңге алып келсек, қазіргі таңда біздің шәкіртақымыз 67 мың теңгеге көтерілді. Яғни қосымша 14 мың теңге қосылып жатқан жайы бар.
Индира Рыстина, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Саясаттану кафедрасының меңгерушісі:
- Өзіміздің студент болған кезімізбен салыстыратын болсақ, мысалы біз 2004-2008 жылдар арасында білім алған болатынбыз. Ол кезде біздің шәкіртақымыз 2700 теңге болатын. Енді қазіргі 26 мың теңгемен салыстырғанда шәкіртақымыз 10 есе өсті.
Осының барлығын тек ақша, күнкөріс деп қана қоймай, студенттерді ынталандыратын бір фактор ретінде қарастыруымыз керек.
Атап өтейік, бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы осы айдан бастап 20949 теңгеден 26186 теңгеге өсті. Магистранттардікі 53530 теңгеден 66913 теңгеге жетті. Ал докторантардікі 81998 теңгеден 102498 теңгеге көтерілді. Жалпы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы жастардың, яғни колледж студенттерінің шәкіртақысы да 25% еселенді.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Серік Қоңырбаев