Хабар телеарнасы

Елімізде ауа райы салдарынан жолдар жабылып, рейстер кейінге шегерілді

Таңертеңнен бері дүлей дауыл соғып, ат құлағы көрінбейтін боранға айналды. Ырық бермей тұрған ызғарлы жел көз тұмшалап, аяқ бастырмайды. «Сақтансаң – сақтаймын», – демекші, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ел аумағы бойынша 47 бағыттағы жолдар жабылды. Атап айтқанда, Екатеринбург-Алматы, Жезқазған-Петропавл, Ақтөбе-Атырау, Қарағанды-Аягөз секілді бағдарлар. Ауа райының қолайсыздығынан Нұр-Сұлтандағы әуежайда рейстер кейінге шегерілді. Қолда бар мәліметке сүйенсек, 32 бағыттағы рейс кешігуде. Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қарлы бұрқасын салдарынан елордадағы І-ІІ ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледждің І-ІІ курс студенттеріне сабақ болмайды. Қазір қар тазалаушы техникалардың да ұшқындаған ақ ұлпамен күресуге қауқары жетер емес. Себебі қанша тазаласа да, толассыз жауған қардың толқыны тоқтар емес.

 

СҚО-да қар құрсауынан 53 адам құтқарылды

Ақ түтек боран солтүстік қазақстандықтарды да әбігерге салып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазір республикалық маңызы бар жолдардың 6 учаскесі және 4 бірдей ауданда барлық облыстық жолдар жабылып, көлік қозғалысы шектелді. Бұл жолдар негізінен облыстың оңтүстік-батыс бөлігінде екенін айта кету қажет. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кешеден бері қар құрсауында қалып қойған 53 адамды құтқарды. Оның 9-ы – бала.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Облыста сенбі күнге дейін дабылды ескерту жарияланды. Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын сынды аудандарда жағдай қиын. Осыған байланысты біздің мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Егер алдағы уақытта боран күшейсе, жедел штаб құрылатын болады. Жалпы бүгінгі күні облыста 300-ден астам жылыту бекеті бар. Олардың барлығы дайын тұр.

 

Ақмола облысында қар құрсауында қалған 84 адам құтқарылды

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Құтқару жұмыстары өңірдің барлық елді мекендерінде жүргізілген. Мәселен, өткен түнде Атбасар ауданында елді мекендердің бірінен келе жатқан жедел жәрдем көлігі қарға батып қалды. Құтқарушылар көлікте отырған 4 адамды дереу қауіпсіз жерге көшіріп, көлікті де қар құрсауынан алып шықты. Жалпы аймақта бірнеше күннен бері күн райы қолайсыз болып тұр.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Жалпы өткен тәулікте 22 көлік қар құрсауынан шығарылды. Олардың көбі – ескертуді елемей жолға шыққандар. Ал жылыту бекеттеріне 32 адам жайғастырылды. Қазір бірнеше бағыттағы жолдар жабық. Сондықтан тұрғындарға әзірге жолға шықпауға кеңес береміз.

 

Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар жабылды

Бірақ соған қарамастан алыс сапарға шығып кеткен 47 адам түнде қар құрсауынан құтқарылған. Қазір 220 техника республикалық маңызы бар жолдарды ақ ұлпадан аршып жатыр. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек бораннан өңірдегі барлық мектепте 1-11 сыныптар арасында сабақ тоқтатылған. Сондай-ақ колледждің І-ІІ курс студенттері бүгінгі сабақтан босатылды.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

- Бүгін 47 адам құтқарылды. Бүкіл 126 техника мен 200-дей адам осындай жұмыстарға жұмылдырылып жатыр. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша осы жұмада қардың жауы тоқтамайды және желдің күші 10-15 метрге сақталады.

 

ШҚО-да республикалық маңыздағы бірнеше бағытқа қатынас жабылды

Семей қаласы мен Ұлан, Бесқарағай аудандарында мектептерде сабақ тоқтатылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, алдағы екі күн аралығында өзен-көлдердегі су деңгейінің көтерілуі ықтимал. Өйткені «Қазгидромет» өкілдерінің мәлімдеуінше, облыста бұл күндері ауа температурасы жоғарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде мұз қабатын ерітіп, су тасқыны қатерін күшейтеді. Жалпы құтқарушылардың айтуынша, облыста 107 елді мекенді тасқын су басу қаупі бар. Ол жақтарда 14 мыңдай тұрғын тұрып жатыр.

Алексей Штыкель, ШҚО ТЖД бөлім басшысының орынбасары:

- Бұқтырмадағы мұз қабатының қалыңдығы – 60 см. Ал Шүлбіні қабыршық мұз басып жатыр. Жалпы Катонқарағай, Көкпекті, Алтай аудандарындағы қар ылғалдылығы мөлшерден 2 есе артық. Десек те, биыл жер қатты қатқан жоқ. Сондықтан бұл да өз кезегінде қолайлылық туғызып отыр.