Орал қаласында көше қарын тазалау жұмыстары сандық технологияға көшірілді
Қала тазалығына жауапты коммуналдық кәсіпорынның жүргізушілері мен механизаторларына жаңа тәсілдің жай-жапсары түсіндірілген соң 120 техника осы жүйеге қосылған. Жүйе арқылы әрбір жұмысшыға тапсырма электронды түрде беріліп, кімнің қай жерде жүргені, немен айналысып жатқаны компьютерден көрініп тұрмақ. «iKomek» арқылы тұрғындар да бағдарламаға кіре алады. «Бұрынғыдай қала сыртына шығарылған қардың мөлшерін қосып жазып, жалған ақпарат берудің енді жолы кесіледі», – дейді мамандар.
Жандос Сәлімов, Орал қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Жұмыстардың бәрін көре аламыз. Кез келген жүргізуші бағыт берілген маршрут бойынша жүреді. Жасап жатқан жұмыстардың есебі де, уақыты да көрінеді. Бұрын база болған жоқ. Тек қана қолданбалы режимде тапсырма беретінбіз. Соның ішінде барлық жұмыс жазылып тұрады.