Елордада әуе рейсі мен сабақ тоқтатылып, көлік апаты жиіледі
Көкте ғана емес, бас қалада, жердегі көлік қатынасы да айтарлықтай қиындады. Жергілікті полицияның дерегінше, 100-ден астам жол көлік апаты болған. Оның ішінде жедел жәрдем мен қоғамдық көлік те бар.
Ақтүтек боран арқа жерінің халқы үшін үйреншікті жағдай. Бірақ тәулік бойы соғуы көптен бері болмаған. Оған қоса қар да толассыз жауып тұр. Салдарынан жай көлікті былай қойғанда, қар тазалайтын техниканың өзі қарға батып, шыға алмай қиналды. Ал автокөліктің барлық түрі үшін қала аумағынан шығуға шектеу қойылды.
Қала ішінде де жағдай қиын. Автобустар уақытылы қатынай алмай, кейде бағытын өзгертуге, тіпті жолаушыларды келесі қоғамдық көлікке отырғызуға мәжбүр болды.
Құтқарушылар шұғыл жиын өткізіп, жағдайдың әдеттегіден анағұрлым күрделі екенін айтты. Өткен түннің өзінде қаладан 27 мың текше метр қар шығарылған.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Полигонға апаратын жолдар ашылып жатыр. Қаладағы 6 арнайы орынның екеуі қарға лық толған. Біз қазір қаланы қардан тазартып, адамдар мен көліктердің қозғалысына қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салып жатырмыз.
Әуеқатынасы да қиындаған. Тек таңертеңнің өзінде 32 рейс кейінге қалдырылды. Ішкі бағыттар бойынша Алматы, Қостанай, Павлодар, Актөбе, Шымкент қалалары болса, ал сыртқы бағыттар Омбы, Ташкент, Мәскеу, Киев, Ұлан-Батыр, Варшава т.б. болды.
Толассыз жауған қар, боран, жолдың нашар көрінуі. Соның салдарынан мектепті былай қойғанда колледждің 1, 2-курс студенттеріне де сабақ тоқтатылды. Ал түнгі сағат 00:00-ден бері 100-ден астам көлік апаты тіркелген. Арасында бір жедел жәрдем мен екі қоғамдық көлік те бар. Бастысы адам шығына жоқ.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Боран тек түстен кейін ғана аздап басылды. Бірақ мамандар әлі қуануға ерте екенін атап өтті. Себебі алдағы тәулікте тағы да боран болады деп болжануда.
Табиғаттың мұндай мінез танытуы еліміз аумағына атлантикалық циклоннның келуімен байланысты екен.
Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК орталығының басқарма басшысы:
- Нұр-Сұлтан қаласында қар, бұрқасын күтілуде. Оңтүстік батыстан соққан желдің күші түнгі уақыттарда 15-20, күндіз 9-14 метр секунд болжануда. Ауа температурасы 1-3 аязды құрайды.
Айта кетейік, Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша полиция қызметкерлері мен ТЖ қызметінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Сондай-ақ қала басшысына төтенша жағдай жариялау туралы ұсыныс тасталды.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Есбол Мұратұлы