Хабар телеарнасы

Қазақстанда коронавирустан сақтану амалдары қолға алынды

Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Қазақстан осы эпидемияға қарсы қандай шараларды қолға алды?

Аспанасты елінен шыққан коронавирус жаһанды алаңдатып отыр. Өйткені шығыстағы көрші елде қауіпті қабынудың 617 дерегі тіркеліп, 17 адам көз жұмды. Мамандар: «Аурудың ошағы – Ухань қаласы», – дейді.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

- Біз Ухань қаласының жағдайын күнделікті, тәулік бойы назарға алып жатырмыз. Және де шығып жатқан ақпарат бойынша қазіргі таңда Ухань қаласына карантин қойылды. Қаладан шығуға да, кіруге де болмайды. Бұл – өте жақсы шешім.

Бас санитар Уханьда оқитын қазақстандық студенттер үшін алаңдаулы. «Олар карантинге бейімделіп, эпидемия аймағынан құлан таза айығып шығуы тиіс», – дейді. Айтуынша, Ухань қаласында коронавирустың шығуына ондағы 7 базар себеп. Бұл сауда орындарында теңіз жәндіктері мен түрлі жануарлар сатылады.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

- Алдын-ала айтқан деректері бойынша, ол жерде экзотикалық тағамдар көп. Жыландардың, ұшатын тышқанның тағамдары, құс еттері, жабайы мысық, иттердің тағамдары сатылуда.

Бастапқыда вирус жабайы жануардан таралса, қазір ауа арқылы адамнан адамға жұғады деген болжам бар. Коронавирус АҚШ, Тайланд, Тайвань, тіпті Оңтүстік Корея азаматтарынан табылды. Қытай билігі індетті ауыздықтау үшін ДДСҰ-мен бірге қажетті шараларды қолға алды.

Ли Бинь, Қытайдың Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары:

- Соңғы уақытта аталған індетті жұқтырғандар саны артып келеді. Ауру белгілері жайлы көбірек біле бастаған соң диагностика әдістері де жетілдірілуде. Диагностикалық реагенттер де дер кезінде бүкіл ел аумағына таратылып жатыр.

Қазір Қытайда «Ухань синдромы» таралған аймақтарда бетперде киіп жүру міндеттелді. Вирустың белгілері тұмауға ұқсас. Ауырған жағдайда бірден дәрігерге жүгіну шарт.

Мысалы кешкісін Санкт-Петербургтегі Пулкова әуежайында 2 азамат «вирус жұқтырды» деген күдікпен тексеруге жіберілген. Бірақ олардан коронавирус табылған жоқ.

Андрей Поляков, тұтынушылардың құқығын қорғау федералды қызметінің өкілі:

- Қытайдан келіп жатқан барлық рейс санитарлық және карантиндік бақылаудан өтіп жатыр. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің дене температурасын өлшеудеміз. Одан бөлек, сауалнама жүргізіп, тұрғындарды Қытайдағы жағдаймен хабардар етіп отырмыз.

Қазір елімізден Қытайға қатынаған 13 мың адам тексерілуде. Әуежайларға арнайы тепловизерлер орнатылыпты.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

- Біріншіден әрине халықаралық әуежайларды бақылаймыз. Қытайдан Алматыға 5 рейс, Астанаға 3 рейс келеді. Сондықтан бұл екі әуежайды біз қатаң бақылауға алдық.

Коронавирустың вакцинасы әзірге жоқ. Қазір әлем ғалымдары оны ойлап табуға кірісіп кетті. Бірақ екпе тек 1 жылдан соң дайын болуы мүмкін. Әзірге бас санитар аурудан сақтануға шақырды. «Қытайға саяхаттаудан бас тартқан жөн», – дейді ол.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Есбол Жәмшитов