Хабар телеарнасы

Ақмола облысында жолда қалған 57 адамға көмек көрсетілді

8 жүргізуші мінген 5 жүк көлігі мен бір жеңіл автокөлік Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті жолында боранға байланысты қар құрсауында қалып қойған. Оларды құтқарушылар арнайы техникалардың көмегімен Ерейментауға жеткізіп, жылыту бекетіне жайғастырған. Жалпы өткен тәулікте аймақта осылай жолда қалған 57 адамға көмек көрсетіліпті. Ал 43 жолаушы уақытша тоқтау орындарына жеткізілді. Олардың үшеуі – бала.

Алексей Советов, облыстық ТЖД бастығы:

- Осы сәтті пайдаланып, барлық тұрғынға боранды күні жолға шықпау қажеттігін тағы бір рет ескерткім келеді. Себебі бұл өте қауіпті. Баратын жерлеріңізге пойызбен баруға тырысыңыздар. Ақтүтек боранда сапар шегемін деп, өз өмірлеріңізді қатерге тікпеңіздер. Қазгидромет берген болжамдар қазір 95% расталып отыр. Сондықтан барынша абай болыңыздар.