Ақтауда сынап бағанасы +10 градусқа дейін көтерілді
Жалпы апта басталғалы Маңғыстау облысында ауа температурасы 3-4 градус шамасында. Күн райы жылы болғандықтан, тұрғындар теңіз жағалауында серуендеп жүр. Синоптиктер: «Бұл – жылдың осы мезгіліндегі қалыпты құбылыс», – дейді. Алайда 24 қаңтарда күн райы өзгеруі ықтимал. Түнде қарлы жаңбыр жауып, кей жерлерде қалың тұман түседі. Желдің жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жетуі мүмкін.
Динара Ілиясова, «Қазгидромет» РМК жетекші инженер-синоптигі:
- 24 қаңтарда Маңғыстау облысында түнде жауын-шашын болады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан жел екпіні 17-22 м/с құрайды.
Мөлдір Махмұтова, қала тұрғыны:
- Бізде жаңа жылдан бері әлі дұрыс қар жауған жоқ. Солтүстіктегі облыстарда қалың жауған қарды жаңалықтардан көріп, қатты қызығамын. Жалпы Ақтаудың ауа райы құбылмалы. Түске дейін түнеріп тұрып, кенет шайдай ашылып шыға келеді.