Қостанай облысында соңғы екі айда 7 ауыл ауызсумен қамтылды
Қалғандары құдық, бұрғыма не тасымал суды пайдаланады. Осы күнге дейін тіршілік нәрі тапшылығын тартып келген елді мекендердің бірі – Арқалық қаласына қарасты Восточный ауылы. Жақында осы ауылға су құбыры жетті.
Восточный ауылы Арқалықтан небары 40 шақырым жерде. 300-ге жуық үй түтін түтетіп отырған елді мекенде өмірі орталықтандырылған су жүйесі болған емес. Жер асты суы жарамсыз. Сондықтан мұндағы жұрт өмір нәрін ауыл сыртындағы ашық бұлақтан тасып ішті.
Әбусағит Естайлахов, Восточный ауылының тұрғыны:
- Мұнда әрбір үй сайын құдық бар десем қателеспеймін. Бірақ сол құдықтың бәрі ащы болады. Бүйрекке де зиян, басқа да ауруларға әкеп соғады.
Востойный ауылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына еніп, ауызсу құбыры тартылды. Елді мекен іргесінен су сорғыш станциясы салынды. Жобаны жүзеге асыруға 145 миллион тенге жұмсалған.
Алмас Сәрсенбаев, Восточный ауылының әкімі:
- Бізде екі резервуар іске қосылды. Екеуін қосқан кезде 300 шаршы метрді құрайды. Су тоқтап қалған жоқ. Қазір оның бәрін бақылауда ұстап отырмыз.
Арқалық қаласына қарасты 17 елді мекен бар. Соның бүгінде алтауы ауызсуға зәру. «2-3 жылда үшеуі орталықтандырылған жүйеге қосылады», – дейді қала басшысы.
Қайрат Әбішев, Арқалық қаласының әкімі:
- Тарту Дачный деген ауылға басталды. Барлығы 350 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген болса, соның биыл 202 млн-ына жұмыс жасалды. 2020 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның сыртында Үштөбе деген ауылға су тарту да жоспарда бар.
Облыс бойынша соңғы екі айда жеті ауылға ауызсу жетті. Келер жылға тағы 15 жоба ұсынылып отыр. Ал Әбусағит ақсақалдың тағы бір арман-тілегі бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг