Ақтөбе облысынан 12 үміткер Президенттік кадрлық резервке енді
Тек Ақтөбе облысынан әзірге 4 үміткерге қатысты ұсыныс Ұлттық комиссияда қаралып жатыр. Олардың білімі мен біліктілігі тиісті талапқа сай мақұлданса, мемлекеттік басқару жүйесі және жеке меншік секторда жауапты қызметке орналасуы мүмкін. Биыл бұл өңірден 12 үміткер қатаң іріктеуден сүрінбей өткен еді.
Ләззат Әділова Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде бөлім басшысы боп еңбек етеді. Бірнеше жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған ол бұрын мемлекеттік қызмет туралы мүлде ойламаған еді. Алайда Президенттік кадрлық резерв туралы естігенде бағын сынап көрмекші болады. Себебі туған елдің дамуына үлес қосу – ес білгелі пайда болған арманы. Жас болса да, отандық және халықаралық деңгейде жиған тәжірибесі бар.
Ләззат Әділова, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:
- Менің негізгі мақсатым: халыққа қызмет ету және халықтың жағдайын көтеру, инфрақұрылымды, халықаралық қатынастарды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты әрі қарай жақсартып, Қазақстанның беделін көтеру.
Ләззат 4 тілді қатар меңгерген. Дипломат болуға әбден лайық. Ол елде жүріп те, шет мемлекеттермен туған жердің байланысын нығайтуға үлес қосуға болады деп санайды. Енді бір айдан кейін министрліктердің біріне жұмысқа орналасады. Оның көшбасшылық қасиеті – әріптестеріне үлгі. Өйткені жастар кеңесін құрып, жұмысқа келген талай маманға қолдау көрсеткен еді.
Райгүл Нұрғалиева, Ләззат Әділованың әріптесі:
- Ләззат біздің ұжымымызда беделді, белсенді. Оны Президенттік кадрлық резервке кіруге лайықты деп есептеймін. Өйткені Ләззат – білімді, еңбекқор, отансүйгіш, жан-жақты және жастарға үлгі болатын тұлға.
Президенттік кадрлық резервке ену үшін Ақтөбе өңірінен 300-ге жуық үміткер өтініш білдірді. Оның тек 12-сі ғана үздіктер қатарынан көрінді.
Анар Тәңірбергенова, облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз хатшысы:
- Мемлекеттік қызметтің, квазимемлекеттік секторлардың жауапты лауазымына резервистерді тағайындау мансаптық өсу арқылы жоспарланады. Және де осы резервистердің бірқатары өздерінің дағдылары мен құзыреттіліктерін арттыру мақсатында қысқа мерзімді курстар мен ұзақ мерзімді оқытылудан өтеді. Соның ішінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқытылуынан өтеді.
Ел бойынша кадрлық резервті жасақтау былтыр басталған болатын. Бастапқыда 13 мыңнан астам жас тілек білдірген. Алайда 6 кезеңнен тұратын іріктеу барысында оның 300-і ғана таңдап алынды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев